$ 443.85  474.3  4.8

Алмас Жұмағали, заңгер: «Құқықтық сауатты мектеп бағдарламасынан арттыру керек»

Жалғыз 9 сынып емес, бірнеше сынып қатарынан жүру керек, әрі бәріне арналған бағдарлама бір қолдан шығып, бір жүйеге бағыну керек. Сонда ғана баланың жас ерекшеліктеріне қарай алдымен мынаны, содан соң мынаны айтамыз деген жөн-жоба анықталады.

Бүгінде бала түгілі ересек адамдардың өздері өз құқықтарын білмей жатады. Сол үшін де құқығы тапталып, жігері жаншылып қалады. Дегенмен, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан азаматтық қоғам қалыптастыруға тырысып келеді. Ол үшін орта мектеп бағдарламасына құқық негіздері, құқықтану сияқты пәндерді енгізіп, жоғары оқу орнында да бұл пән тереңдетіп оқытыла түседі. Біз осы орайда мектеп қабырғасында балаларға құқықты оқыту мен азаматтардың құқығы туралы белгілі заңгер Алмас Жұмағалиды әңгімеге тарттық.

– Алмас Қабдымажитұлы, бүгінде азаматтардың құқықтық сауаттылығының деңгейі қандай? Олардың сауатын арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Азаматтық алған алғашқы жылдары құқықтық мемлекет құрамыз деп құқықтық сауаттылықты арттыруға деген қарқын сезілетін. Бұл бағытта біраз бағдарламалар қабылданған болатын. Тіпті, қызды-қыздымен «балабақшадан бастауымыз керек» дегенге дейін барды. Мысалға, осыдан 13 жыл бұрын 9 сыныпқа бөлек және 10 сыныптарға бөлек арналған «Құқық негіздері» деген оқулық болатын, оның өзі аз еді. Балабақша, мектеп – мемлекеттің өз азаматтарын стандарттайтын институттар. Қазір тек 9 сыныпта қалды, ал 10 сынып «Адам. Қоғам. Құқық» деген сабақ оқиды. Оның үштен бір бөлігінде ғана құқық туралы айтады. Мұны мен 4 жыл қатарынан осы оқулықты жазған авторлардың бірі ретінде айтып отырмын. Менің тарауым «Қылмыстық құқық негіздері» деп аталды. 10 сынып оқушылары – 15-16 жастағы жасөспірімдер. Оларға 14 жасқа толғаннан бастап жауап беретін қылмыстарды толыққанды тарқатып беру борышым деп санадым.

– Білуімше, бұл пән жоғарғы оқу орындарында да оқытылады ғой?
– Иә, ол рас. 1994 жылы Арқалық педагогикалық институтында, ұмытпасам, «Құқықты оқыту методикасы» деген мамандық ашылған. Ол институт, алдымен, педагогикалық бағытта, екіншіден, құқықты мамандық қылып алды. Бірнеше рет түлек шығарды, кейін келе тоқтап қалды. Бұл логикасы бар адамның бастамасы еді, оны не себептен тоқтатқаны қисынға сыймайды. Керек десеңіз, республикалық деңгейде көтеретін мәселе. Құқықтық мемелекет құрып жатырмыз ғой. Ал құқықты балаға жөндеп түсіндіріп беретін маман даярламаймыз, бірақ, сол балалардан заңды бұзбауын талап етеміз. Қазіргі мектеп жасындағы балалар инстинк деңгейінде әрекет етіп жүр. Қандай да бір әрекеті заңға қайшы ма, жоқ па, сұрайтын адамдары жоқ.

– Сонда азаматтардың құқықтық сауатын ашуды неден бастаған жөн?
– Мектеп бағдарламасынан бастау керек. Бағдарламаны кездейсоқ адамдар мен кез келген нәрсені науқаншылыққа айналдыра беретін мамандар емес, құқықтық мемелекетті шынымен құрғысы келетін адамдар түзу керек. Және жалғыз 9 сынып емес, бірнеше сынып қатарынан жүру керек, әрі бәріне арналған бағдарлама бір қолдан шығып, бір жүйеге бағыну керек. Сонда ғана баланың жас ерекшеліктеріне қарай алдымен мынаны, содан соң мынаны айтамыз деген жөн-жоба анықталады. Сол кезде құқықтанудан мектептегі сағат көбейіп, арнайы «құқықтану методикасын» оқып шыққан адамға ставка шығады. Әйтпесе, қазір бір сыныпқа бола бір маман ұстай алмайды мектептер. Бұдан мектеп оқушысы да, мұғалім де, қоғам мен мемлекет те ұтады. Ал министрлік баяғы мамандықты қайта тірілткені абзал.

Мысалға қараңыз, 9 сыныптағы «Құқық негіздерінде» сыбайлас жемқорлыққа қомақты тарау арналған. Ол не үшін керек? Бала өзінің қарапайым құқықтары мен міндеттерін ұқпай тұрып, жемқорлықтың не екенін толық түсіне ала ма? Ал жаңа ғана өзім айтқан 14 жастан қылмыстық жауаптылық туындайтын қылмыстарға бір ғана абзац, түсінесіз бе, бір ғана абзац арналған. Оған, тіпті, айтқан отыз қылмыстың атауы да сыймайды.

– Сонда авторлар қажетті нәрсеге назар аудармай тұр ма?
– Авторлардың кінәсі жоқ. Оларға шектелген көлем беріледі және бағдарлама министрліктен бекітіліп келеді. Өзіміз жазған оқулықтың бағдарламасына да «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар» деген сияқты күрделі тарауларды енгізу тапсырылатын.

– Жалпы, сіз өз тарапыңыздан қандай әрекеттер жасап 
жатырсыз?

– Өз тарапымнан екі бағытта жұмыс істеп жатырмын. Біріншісі, 
балаларға қатысты. Осы салада мектеп бағдарламасынан тыс жұмыстармен мектеп қабырғасында айналысып келген жігіттер ұсыныс айтты. Оны мен қабыл алдым. Осы мәселемен әзірге РайОНО деп аталып кеткен аудандық білім бөлімдеріне ұсыныс жасап жатыр. Сол сияқты, өзім оқытушылық қызметпен айналысатын SDU университетінде «Law Clinik» деп аталатын құқықтану мамандығындағы студенттердің, «Soyle» деп аталатын журналист студенттердің ұйымы бірігіп жас баларға арналған Ютуб канал ашып жатыр. Соған контент жасауға жиі қатысып тұруға уәде бердім. Бір-екі бағдарламасын түсіріп те әкетті. Сонымен қоса, өзімнің телеарналар арқылы берген құқықтық кеңестерімді «Бір сұрақ – бір жауап» принципімен қиып-қиып, Фейсбук және Инстаграмм парақшама салып жатырмын. Ал екінші бағыт – ересектер, яғни замандастарымыз. Ересек адамдарға арнап, Алла жазса, «Қайраткер» деп аталатын практикалық курс ашпақшымын. Бұған менің 20 жылдық оқытушылық және практикадан жинақтаған тәжірибем көмектеседі деп сенемін. 1998 жылдан бастап осы күнге шейін телеарналарға құқықтық кеңеске жиі шығып тұрамын. Сарапшы ретінде шақырса, мүмкіндігінше баруға тырысамын. Сонда байқағаным: сұрақтар ұқсас, азғантай сұрақтар түрленіп келе береді. Демек, адамдар бірдей қателікті жиі қайталайды. Әрі адамдар ең қарапайым құқықтарын білмейді, біліп тұрғаны талап ете алмайды. Талап етудің тиімді амалдарын білмейді. Ең қарапайым деген қолхат жаздыртып ала алмайды.

– Бұл курстар ақылы ма?
– Алғашқы балаларға арналған бағыттағы істерім ақысыз, ал ересек адамдарға арналған практикалық курс ақылы болады. Себебі, «арзанның жілігі татымас», «тегіннің құны жоқ». Ал аз да болса ақы төлесе, адам зейін салып айналысады. Әрі біз көшеден ұстап әкеп үйретпейміз. Тек үйренем деген адамға «іздегенге – сұраған» болып тұрмақшымыз.

– Сонда қарапайым құқықтар деп нені айтамыз?
– Адамдардың көшедегі, дүкендегі, жұмыстағы, әлеуметтік желідегі құқықтары мен міндеттерін соқырға таяқ ұстатқандай жеңіл жолдармен түсіндіріп, іске асыруды үйрету керек. Қазақтың әрбір азаматы дүйім елдің, қоғам қайраткері болмай-ақ қойсын, ең болмаса, өз қақысын ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жібермейтін күрескер болсын. Біреу келіп біреудің жұмысын істемейді.

– Ол үшін білім керек дейсіз ғой?
– Әлбетте! Аз болса да білім керек. Ал білімнен де дәл осы күні маңызды нәрсе бар. Ол – мінез. Мінез керек. Бізге білім емес, мінез жетпейді. Әлихан атамыздың сөзінің ақиқаттығына барған сайын көз жеткізудемін.

– «Ұлтқа қызмет қылу – білімнен емес, мінезден» деген сөзіне ме?
– Дәл өзі! Адам туа салып мінезді күрескер болмайды. Оны қалыптастыру керек. Практикалық курс осы мақсатты көздейді. Әрі курс тек қазақ тілінде жүргізіледі. Сөз басында өзіңіз қойған «қазақтілді азаматтар өз құқығын қорғай ала ма?» деген сұраққа жауап белгілі боп қалған шығар. Мәселе тілде емес, ділде боп тұр ғой, яғни менталитетте.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Skifnews.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары