Қазақстанда діни экстремизмді насихаттайтын 15 интернет-ресурс жабылды. Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасының ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысын талқылауға арналған кеңейтілген жиынында ведомство басшысы Асхат Дауылбаев мәлім етті, деп хабарлайды «Қазақпарат».
―Діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы тұру бойынша жұмыстар жандандырылды. Парламент Мәжілісі мен біз әзірлеген «Діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы тұру мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мақұлданды. 2014 жылдың 1-ші жартыжылдығында прокурорлардың арыздары бойынша соттар 15 интернет-ресурстың өнімдерін заңсыз деп таныды, ― деді ол.
А.Дауылбаевтың айтуынша, прокурорлардың 175 ақпараттық материалдарды экстремистік мазмұнда деп тану туралы арыздарын соттар қанағаттандырған.
― Бұл өнімдерді Қазақстан аумағында таратуға шектеу қойылған, ― деді Бас прокурор.