18.07.2014, 08:30

Мыңға жуық контрабандалық мұнайға толы вагондар әшкере болды

Сурет: trend.az

Қазақстандық «Құлан» кеден бекетінде мыңға жуық отын-жанар май тиелген вагон жиналып қалған. Кедендік тексеру жүргізу кезінде мұның бәрінің заңсыз жолмен Қырғыз Республикасына бағыт алғандығы анықталып отыр, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.

Заңсыз жолмен шекара асырылмақ болған мұнай толы вагондардың бір шоғырын Жамбыл облысы кеденшілері ұстаған екен.

― Кеден қызметкерлері жанармай толы 427 вагонды бекетте ұстаған. Жамбыл облысы бойынша кедендік бақылау департаменті жалпы құны 1,6 млрд. теңгенің мұнай өнімдерін контрабандалық жолмен өткізбек болған 10 қазақстандық компанияның үстінен 10 қылмыстық іс қозғады, ― деді Жамбыл облысы бойынша КБД бөлім басшысы Құдайберген Рысдәулет

Еске сала кетсек, өз кезегінде бұл қазақстандық резиденттің Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы №257 шешімімен бекітілген нұсқаулығы мен Қазақстан және Ресей Федерациясы Үкіметтерінің 2010 жылғы 9 желтоқсандағы «Мұнай және мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты сауда-экономикалық байланыс туралы» нормасының талаптары өрескел бұзуы болып табылған. Бұған қоса, көрсетілген нормаға сәйкес жасалған Келісімде 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасынан Кеден одағынан тыс мемлекеттерге бензин мен дизельді экспорттауға тыйым салынған.