Осыдан 19 жыл бұрын Арқалық қаласында аса ауыр қылмыс жасаған күдікті ұсталды. Бұл туралы журналистермен өткен кездесуде облыстық полиция департаментінің басшысы Бекет Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Департамент басшысының сөзінше, оқиға 2000 жылы 8 сәуірде Арқалық қаласында болған. 31 жастағы әйел үйінен 11 жасар ұлы мен тағы екі туысының өлі денесін тапқанын хабарлаған. Күдіктілер оларды атып өлтіріп, пәтерден 1 243 053 теңге және 2 500 АҚШ долларын алып кеткен. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
«Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде аса ауыр қылмысты жасаған үш күдікті анықталды. 2000 жылы 19 сәуірде Арқалық қаласының 18 жастағы тұрғыны ұсталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған екеуі Арқалық қаласынан қашып кеткен. Оларға халықаралық іздеу жарияланды. Кейін іздеуде жүрген күдіктілердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын Ингушетия Республикасы мен Ресей Федерациясының Шешен Республикасы бағыты бойынша кесіп өткендігі анықталды. Олардың бірі Ресей азаматтығын заңсыз иемденіп алған, кейін Тверь облысында тағы да жеке мәліметтерін өзгертті. 2016 жылғы мамыр айында ол ұсталып, 8 жылға сотталды», - деді Бекет Аймағамбетов.
Қостанайлық полицейлер екінші күдіктінің Бельгия мемлекетінің шекарасында жүргені туралы ақпарат алды. Оның жалған мәліметтер арқылы «қашқын» мәртебесін алғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта ол қамауда. Енді елге қайтару мәселесі шешілуде.