$ 494.87  520.65  4.91

Сот Батырбековтің желідегі жазбасын қайта тексермек

Қайта сараптама тағайындауға жәбірленуші тарап қарсылық білдірді.
Фото: Азаттық
Фото: Азаттық

"Жала жабу" және "Қорлау" бабымен 2 жыл 3 айға қамалған журналист Амангелді Батырбековтің апелляциялық шағымын қарап жатқан Түркістан облыстық соты 25 қарашада оның әлеуметтік желіде жариялаған "Торғай аулау ма, әлде «тупит» ету ме?" атты жазбасына қайта сараптама тағайындауға қаулы шығарды. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Сот алқасы "Шымкенттегі сот сараптамалары орталығының Батырбековтің жазбасына жасаған қорытындысы заң талабына сай емес" деп тапты. Заң бойынша, Батырбеков жәбірленуші Абдиевтің ар-намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізген болса, сараптама орталығы ол сөздің әдепті я әдепсіз екенін айқындауы керек болған. Сараптама қорытындысында жәбірленуші Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиевке қарата айтылған "тупой" сөзі әдепті не әдепсіз сөзге жататыны жазылмаған.

Қайта сараптама тағайындауға жәбірленуші тарап қарсылық білдірді. Жәбірленушінің адвокаты Гүлжан Абдукаликова "сот қайта сараптама тағайындап, істі созбалаңға салды" деп санайды.

Ал Батырбеков аудандық сотқа ұсынылған сараптама қорытындысын дәлел қатарынан мүлде алып тастау керек деп есептейді.

"Әу баста сараптама заңсыз тағайындалған. Ол соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Сараптама Қылмыстық процесуалдық кодекстің сот сараптамасын тағайындау бойынша бабымен тағайындалмағаннан кейін апелляциялық сот алқасы оны дәлел қатарынан алып тастауы керек еді" деді журналист.

Батырбековтің қоғамдық қорғаушысы әрі әйелі Гүлзада Баймұратова сараптаманы сот сараптамалары орталығының Шымкенттегі емес, Алматыдағы филиалында өткізуді сұрағанымен, сот оны қанағаттандырмады.

22 қараша күні өткен отырыста Шымкенттегі сот сараптамалары орталығының сарапшысы Майра Мырзаева жауап берген. Мырзаева Батырбековтің Абдиевке қатысты жазған жазбаларын адвокат Гүлжан Абдукаликованың өтінішімен, келісім-шарт негізінде сараптағанын, өтініште сот психологиялық-филологиялық сараптама жасау туралы жазылғанымен, тек филологиялық сараптама жасалғанын айтқан.

Мырзаева жазбада "тупой" сөзіне сараптама жасалғанын, бұл сөз "топас, ой-өрісі тар" деген мағына беретінін, сондықтан бұл Абдиевтің жеке басын балағаттауға жататынын жеткізген. Ал ол сөзді кім айтқанын, Батырбеков кімге сілтеме жасағанын нақтылау құзіретіне кірмейтінін айтқан. Батырбеков бұл сөзді "Алик Федр" атты фэйкке сілтеме жасағанын, маман сараптама жасағанда бір сөйлемді толық алмай, бөлгенін жеткізді.

Түркістан аудандық соты Батырбековтің апелляциялық шағымын 12 қарашада қарай бастаған. Батырбеков 25 қыркүйекте Сарыағаш аудандық сотының үкімімен "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, сот залынан қамауға алынған. Оны Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев "желідегі жазбасында жала жапты және қорлады" деп сотқа берген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары