Түркістан облысының Арыс ауданында инкассаторларды өлтіріп, денесін оқиға орнынан тастап кеткен қылмыскер ауыр жазаға тартылды. 38 жастағы адам сот шешімінен 24 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Azattyq-ryhy-на сілтеме жасап.
Сот шешімі бойынша, қаза тапқан инкассаторлардың әріптесі Нұрбек Жүсіпов адам өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын қауіпсіздігі күшейтілген колонияда өтейтін болды. Оған қоса, осы іс бойынша Жүсіповтің танысы Қасымжан Тоғай да жазаланды. Тергеу кезінде оның үйінен қару мен инкассаторлардың ақшасы табылған. Оның бас бостандығы 4 жылға ғана шектелді.
Тергеу нәтижесіне сүйенсек, қылмыс болған кезде Нұрбек Жүсіпов еңбек демалысында болған және инкассатор әріптестерінен аң аулау үшін жергілікті алаңға дейін апарып тастауды сұраған.
«Ол әріптестерін алаңда атып өлтіріп, сол жақта денелерін тастап кеткен. Кейін он шақырым жүріп, көлігін де қалдырған. Танысының үйіне жаяу барып, сонда ақша салынған қап пен қаруды тастаған. Жолда гильзалар мен өлгендердің телефондарын лақтырып кеткен. 7,5 миллион теңгенің бір миллионын жұмсап үлгерген», - дейді Түркістан облысының ПД баспасөз қызметіндегілер.
Еске салайық, 7 маусымда екі инкассатор Қожатоғай ауылына кетіп, содан байланыссыз қалған. Қызметтік көлікте 7,5 миллионнан аса теңге болған. Олар зейнетақы мен жәрдемақыны беруге арналған.
Инкассаторларды іздеуге полицияның барлық күші жұмылған. Олардың денелері Арыстан 35 шақырым жерден табылған болатын.