Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласындағы сот «қазақ-қытай шекарасын заңсыз бұзып өткен» Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын бір жылға бас бостандығынан айырып, елде қалдырды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
21 қаңтардағы Зайсан аудандық сотының судьясы Шынар Оспанова Қытай азаматтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қылмыстық кодекстің 392-бабымен («Шекараны қасақана заңсыз кесіп өту») айыпты деп тауып, бір жылға соттады. Олар бір жылдық жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде (бұрын қоныс колониясы деп аталған) өтейді.
Шыңжаң қазақтарының жазасы қамауға алынған уақыттан, яғни 2019 жылдың 18 қазанынан бастап есептеледі және қамауда отырған әр күні екі күн болып (Қылмыстық кодекстің 62-бабына сай, қауіпсіздігі барынша төмен түрмедегі жазаның бір күні екі күн болып саналады) есептеледі.
«Мұсаханұлы мен Әлімұлының қамауда қалу мерзімі – 5 ай 24 күн», – деді судья.
Сот Қылмыстық кодекстің «Шекараны қасақана заңсыз кесіп өту» бабында заң бұзғандарды Қазақстаннан шығару жазасы қарастырылса да, «Шыңжаңдағы қысымнан қашып келдік» деген екі қазақты Қытайға қайтармай, Қазақстанда қалдырды.
Судья бұл шешімді шығарарда Мұсаханұлы мен Әлімұлының қылмысты мойындағандарын, тергеуге көмектескендерін, кішкентай балалары, кәрі әке-шешесі барын ескергенін айтты.