$ 443.85  474.3  4.8

4 миллион теңге мен 550 мың теңгелік «Айфон»: елордалық әкім пара алғаны үшін ұсталды

Тергеу органының мәліметінше, әкімге пара конкурста ақша ұтуға көмектесу үшін берілген.
фото: sputniknews.kz
фото: sputniknews.kz

Нұр-Сұлтанда тағы бір әкім істі болды. Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есіловке «4 миллион теңге мен құны 550 мың теңгелік 11Pro 256GB «Айфонды» параға алды» деген айып тағылды, деп хабарлайды Skifnews.kz, «Время» газетіне сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, жемқорлыққа қарсы қызмет әкімді дүйсенбі күні ұстаған.

Бұл туралы саясаттанушы Ербол Еділов бүгін Телеграмм-арнасында жазды. Ресми органдар үндемеген соң, ақпараттың растығына күмән келтіргендер де болды. Алайда, «Время» газетінің тілшісі Асқар Есіловті пара алу үстінде ұстамағанымен, оның 20 қаңтарда тергеу изоляторына қамалғанын анықтады.

Белгілі болғандай, жемқорлыққа қарсы қызмет күдікке ілінген Есіловті бірнеше айдан бері бақылауда ұстап жүріпті. Оған пара мен қымбат сыйлықты өзінің Нұртазин деген туысы берген. Ол 4 миллион теңгені әкімге өткен жылдың 18 қарашасында әкеліп берсе, қымбат смартфонды жуырда ғана сыйлапты.

Тергеу органының мәліметінше, әкімге пара конкурста ақша ұтуға көмектесу үшін берілген. Нұртазинге қатысы бар компания аудан аумағын ретке келтіру үшін 72 миллион теңгенің тапсырысын алған.

Есілов пен Нұртазиннің кінәсі олардың телефон арқылы сөйлескен сөздерінен дәлелденген. Параға берілген смартфон әкімнің үйінен табылған. Ал оның кепіл талонында сатып алған адам ретінде Нұртазиннің аты-жөні көрсетіліпті.

«Есіл» сауда үйіндегі сатушы беттестіру кезінде Нұртазинді таныған. Әкімдік қызметкерлері де ол екеуінің байланысы бар екенін бекітіпті.

Енді Асқар Есілов ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы (пара алу) бойынша, ал Нұртазин 367-баптың 2-бөлігі (пара беру) бойынша жауапқа тартылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары