24.01.2020, 02:00

Елорда көшелерін омбы қардан оңдырып тазартпағандарға 5 млн теңге айыппұл салынды

фото: astana.gov.kz
Елорданың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкерлері қаладағы қар тазалау жұмыстарын күн сайын қадағалайды.

2020 жыл басталғалы қарды уақытында тазаламаған 200-ге жуық құқықбұзушылық тіркеліп, нәтижесінде кінәлілерге 4,98 млн теңгенің айыппұлы салынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы Альбина Беркінбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елорданың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкерлері қаладағы қар тазалау жұмыстарын күн сайын қадағалайды. Жыл басынан бері қарды уақытында тазаламағаны үшін 172 құқықбұзушы жауапқа тартылып, оларға 4 млн 985 мың 985 теңге айыппұл салынды.

Сондай-ақ, қар тазалау жұмыстарын дұрыс және уақытында атқармаған, сол сияқты, ісіне салғырт қараған 26 ПИК, ЖШС ұйымы әкімшілік жауапкершілікке тартылды және оларға 954 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, квартал аралық аумақтардың тазалығына жауапты мердігер ұйымдарға да бақылау күшейтілді.

2020 жыл басталғалы 30 астаналық мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 2 млн 315 мың 290 теңгенің айыппұлы салынды», - деді А. Беркінбаева әкімдікте өткен жиын барысында.

Одан бөлек, полиция инспекторы жеке аумақтардың иесі болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің де жауапқа тартылғанын тілге тиек етті.

«Абаттандыру ережелеріне сәйкес, шағын және орта кәсіпкерлер мен ғимараттарды жалға алушылар өздеріне тиесілі аумақтардың қарын санитарлық ережені сақтап, уақытылы тазартуы тиіс. Дегенмен, оған салғырт қарайтындар бар. Оған дәлел, жыл басынан бері елордада 87 шағын және орта кәсіпкерлік нысан жауапкершілікке тартылып, оларға 788 мың 850 теңгенің айыппұлын төлеу міндеттелді.

Сол сияқты, қарды белгіленбеген жерге төккен 29 ауыр жүк көлігінің жүргізшілері жазаланды. Олар жалпы сомасы 927 мың 850 теңге төлеуге тиісті», - деді ол.