Шешесін маскүнемдігі үшін жазалаған. Қарағанды облысында туған анасын алдымен ұрып өлтіріп, кейін денесін досы екеуі өртеп жіберген 21 жастағы жігіт 10 жылға сотталды, деп хабарлады Астана арнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
Облыстық қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыға осындай үкім кесті. Қарашаның ортасында 44 жастағы әйелдің жартылай жанған мәйітін Дубовка ауылының шетінен тұрғындар тауып алған. Дәл сол түні оны туған ұлы ұрып жібергені анықталды. Күдікті анасын жазым еткенін білген соң қылмысын жасырмақ болған.
Тергеу барысында ауылдықтар 21 жастағы дизайнер жігіттің шешесінің ішімдік ішуіне қарсы болғанын, нағашы әжесі екеуіне қамқорлық жасап келгенін айтқан. Алайда айыпталушыны оң мінездемесі жазадан құтқармады. Ол 10 жыл бойы жоғарғы қауіпсіздіктегі абақтыда жазасын өтейді. Ал жігіттің қылмысын жасырып, денені өртеуге көмектескен досы 2 жылға сотталды. Үкім 15 күннен кейін заңды күшіне енеді.
"Облыстық қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны ҚК-тің 99- ыншы бабы бойынша кінәлі деп таныды. Ол 10 жылға сотталып, жазасын жоғарғы қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде өтейді", - деді Қарағанды облыстық сотының үйлестірушісі Гүлбаршын Жітікова.