10.02.2020, 22:20

«Жастығын ала жығылу»: Петропавлда істі болып жатқан білім бөлімінің басшысы журналисті сотқа берді

фото: turkystan.kz
Прокурорлардан кейін мемлекеттік қызмет істері департаментінің тексерісі басталады. Олар білім бөлімінің басшысы Сара Рамазанованың балабақшаларды иелігіне алған кәсіпкерге қатысы бар-жоғын анықтауы тиіс.

Петропавлда балабақшалардың сенімді басқаруға берілуіне байланысты біраз заңсыздықтар анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай, прокурорлар облыстық әкімдікке бақылау актісін жолдады. Ал қалалық білім бөлімінің басшысы жергілікті журналистің бірін сотқа берді. Әкімдік өкілі оның әлеуметтік желіде жазған пікіріне наразы.

Бұл – бұрын-соңды болмаған іс. Әлеуметтік желідегі жазбаға бірінші болып білім бөлімінің басшысы Сара Рамазанова арызданды. Жауап беруші – аудандық газеттің тілшісі Фархат Тастамбеков.

«Шағымданушыға азаматтың facebook желісіндегі пікірі ұнамай, жеке өзіне қабылдаған. Ол соттан ар-намысына тиген мәліметті жалған етуін талап етіп отыр», - дейді жауап берушінің адвокаты Анна Лесных.

Соттың алдын ала тыңдалымына Сара Рамазанова қатысқан жоқ. Оның қорғаушысы өзін түсіріп, жазуға рұқсат бермеді. Ал жауап беруші Фархат Тастамбеков қазақша аудармашы сұрады. Осылайша, отырыс 18 ақпанға ауыстырылды.

Сенімді басқаруға берілген балабақшалар туралы тартыстың тарқайтын түрі жоқ. Оны прокурорлар да тексеріп, заңбұзушылықтарды анықтады.

«Облыс прокуратурасымен өкілетті органдарының атына заң бұзушылықты жою туралы қадағалау актісі енгізілді», - дейді қала прокурорының орынбасары Қайсар Әбішев.

Прокурорлардан кейін мемлекеттік қызмет істері департаментінің тексерісі басталады. Олар білім бөлімінің басшысы Сара Рамазанованың балабақшаларды иелігіне алған кәсіпкерге қатысы бар-жоғын анықтауы тиіс. «Бұл екеуі – бір-біріне жақын адамдар» деген ақпарат бар.

Еске сала кетсек, таяуда ғана жергілікті білім бөлімінің басшысы мен журналист соттасқан еді. Ол жағдай Петропавлда емес, Түркістан облысында тіркелген. Бірақ, дәл осыған ұқсас әрекет. Атап айтқанда, Сарыағаш аудандық полиция басқармасы журналист Амангелді Батырбековті «жала жапты», «қорлады» деп сотқа берген Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиевтің үстінен қылмыстық іс ашқан болатын. Соған қарағанда, журналист деген «жастығын ала жығылуға» білім саласының өкілдері бейім тұратын сияқты.