Аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылып отырған Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы М.Оспановтың қорғаушысы Х.Айтқалиеваның бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратқан мәліметі шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Қаржы полициясы агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Оспанов 2014 жылғы 1 шілдеде Қаржы полициясы агенттігінде жауап беруден кейін ұсталған болатын.
Оны уақытша ұстау абақтысына тоғытқан кезде сот медициналық сараптамасы жүргізілген. Ол бойынша Оспановта дене жарақатының жоқтығы анықталған.
Келесі күні, 2014 жылғы 2 шілдеде 10 сағат 30 минуттардың шамасында Оспановты уақытша ұстау абақтысынан Агенттік ғимаратына алып келу кезінде, ол өзін нашар сезінуіне байланысты автомашинаны тоқтатуды сұраған.
«Бірден есікті ашып және автомобиль салонынан жүгіріп шығып, Оспанов қашуға әрекет жасаған. Агенттік қызметкерлері автомашинадан 15 метр жерде оны ұстап, бұл әрекетіне тосқауыл қойды. Агенттік қызметкерлерімен ұсталған Оспанов оларға қарсылық білдірген, нәтижесінде оның өзі және қаржы полициясы қызметкері жерге құлап, дене жарақатын алған», делінген хабарламада.
Бұл факт бірден Агенттіктің арыздар мен ақпаратты есепке алу журналына тіркелген, Оспанов пен оны қарауылдаған қызметкерлерге қатысты дене жарақатын анықтау мақсатында сот-медициналық қарау тағайындалған.
Қаржы полициясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, сараптама қортындысында Оспанов пен оны ұстаған қызметкердің денелерінде көгерген ісіктер мен жара түріндегі жарақат анықталған. Осы күні Оспанов өзі жалдаған адвокатың көзінше аталған мән-жайларды толық мойындады.
Оған қоса, келесі күні - 2014 жылғы 3 шілдеде қамауға алуды сотта санкциялау кезінде, прокурор, адвокат және өз туысқандарының көзінше Оспанов сотқа қаржы полициясы қызметкелеріне ешқандай наразылығының жоқ екендігін және бұл жайттың орын алуына өзі себеп болғандығын айтқан.
Осы қашу әрекетіне байланысты орын алған жағдайдан 2 апта өткен соң Оспановтың қорғаушысының бұқаралық ақпарат құралдарына берген қаржы полициясы қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекетіне қатысты түсіндірмелері орынсыз болып көрінеді.
Себебі Оспановтың өзі бүгінгі күнге дейін бұндай арыздармен жүгінбеген.