Ақмола облысында әлеуметтік желі арқылы жарнама беріп, 21 рет алаяқтық жасаған павлодарлық әйел ұсталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, күдікті арам ойын танымал әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырып келген. Мәселен, 2019 жылдың шілдесі мен желтоқсан айы аралығында «olx» әлеуметтік желісі арқылы Көкшетау қаласында пәтер жалға берілетіні туралы жарнама жариялаған.
«Зардап шеккендердің басым көпшілігі – арзанға пәтер жалдамақ болған студенттер. Ең бірінші, полицияға Көкшетау қаласындағы 19 жастағы студент қыздан арыз түсті. Одан кейін тағы жергілікті 20 адам арызданды»,- дейді ПД баспасөз қызметі.
Алаяқ әйел жарнама бойынша қоңырау шалған «клиенттеріне» пәтер іздеген адамның көптігін айтып, алдын ала жарна төлеуін талап еткен. Ол үшін күдікті «WhatsApp» мессенджері арқылы жалған құжаттар мен фото жіберіп отырған.
Осылайша, көкшетаулықтардан алдап 30000 және 40000 теңге ақша алған соң күдікті кейін байланысқа шықпай қойған. Ақшаны әртүрлі жолмен алған. Тіпті, «Kaspi Gold» арқылы алғаны да анықталды.
«Жедел-іздестіру шарасы кезінде күдікті ретінде Павлодар қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдіктінің осындай қылмысы үшін бұрын істі болғаны анықталды. Қазіргі кезде күдіктінің үстінен ҚР ҚК-нің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп толықтырды ПД баспасөз қызметі.