«60 млн теңге пара алмақ болды» деп айыпталған Су ресурстары жөніндегі комитетінің бұрынғы басшысы Ислам Әбішев 5 жылға, ал Бүкіләлемдік қазақ күресі федерациясының вице-президенті болған Серік Төкеев 4 жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты осындай үкім шығарды. Айыптаушы жақ Ислам Әбішевке 10 жыл, ал Серік Төкеевке 8 жыл сұраған болатын. Сондай ақ, судья сотталушылардың адвокаты Абзал Құспанға және блогер мен журналистке қатысты арнайы жеке қаулы шығарды.
Олар «сот үкімі шықпай тұрып жалған ақпарат таратты» деп айыпталды. Қаулы қалалық прокурор назарына және республикалық адовкаттар алқасына жолданды. Үкімді түсіндіру кезінде судья залды тыныштандыруға мәжбүр болды. Себебі, судья сотталушы Серік Төкеевтің «орысша түсінбеймін» деген уәжін негізсіз деп таныған еді. Бұл сотталушылар мен адвокаттардың наразылығын тудырды.
«Сот шағымыңызды негізсіз деп санайды. Себебі, сіз жоғары білімдісіз. Ол бір деңіз. Екіншісі, қызметіңіз бойынша сіз қазақ күресі федерациясының вице-президенті боласыз. Сол себептен, орыс тілін білесіз», - деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Қажымұқан Мекемтасұлы.