19.02.2020, 23:45

Ерлерді зорлаған екі шенді: Алматы, Түркістан облыстарында ҰҚК және полиция қызметкерлері сотталды

фото: 24.kz
Екі жақтағы екі жәбірленушінің де қорғаушысы – Айман Омарова.

Алматы облысында атышулы трансгендер Виктория Берікқожаеваны зорлады деп айыпталған азаматқа қатысты сот басталды. Айыпталушы орындығында – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері. Жәбірленуші оның тиісті жазасын алғанын қалайды. Сот отырысы жабық өтіп жатыр.

«Жабық сотта болған оқиғалар жайында тіс жармау туралы қолхатқа қол қоюдан бас тарттым. Өзіме қатысты жағдайды не себепті жасырып қалуым керек? Кінәлі адамның айыбын мойындап, жазаға тартылғанын қалаймын», - дейді жәбірленуші Виктория Берікқожаева.

Жарты жыл бұрын Алматы облысында жазасын өтеп жатқан трансгендер «қорлық көрдім» деп шағымданған. Ол өзін білдей Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің ұятты әрекетке мәжбүрлегенін айтқан. Кейін күдікті қамауға алынып, тергеу жұмыстары жүргізілді.

Виктория Берікқожаеваның өзі де қазір абақтыда. Ол 2017 жылы Жауғашты түрмесіне бопсалау бабы бойынша айыпталып, 7 жылға бас бостандығынан айрылған. Зорлау әрекеті сол түрмеде болыпты. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріне трансгендерді зорлады және азаптады деген екі бап бойынша айып тағылған.

«Әбдіқаш Сәни Сатыбалдыұлы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, осы жерде, Іле ауданында жұмыс істеген. 121-баптың 2-бөлімі, 146-баптың 2-бөлімімен айып тағылып отыр. Бүгін сот басталды», - дейді В. Берікқожаеваның қорғаушысы Айман Омарова.

Бұдан бөлек, бүгін Түркістан облысының Абай ауылында үш жыл бойы жасөспірімді зорлаған бұрынғы полицей 15 жылға бас бостандығынан айрылды. Бұл жәбірленушінің де қорғаушысы – Айман Омарова.

Прокурор 11 жыл сұраған, алайда, судья Қасым Қалмағамбетов 15 жыл берді.

«Сейітжапаров 16 жастағы жәбірленушіні бірнеше жыл бойы зорлап келген. Оған бірнеше бап бойынша 15 жыл берілді. Оқиғадан кейін 5 жыл өткен соң болған жағдайды дәлелдеу оңай болмады. Бірақ, бұл біздің қолымыздан келді. Жәбірленуші мен жақындары сот әділ болатынына сенбеген еді», - дейді адвокат.

Тағы оқи отырыңыз: «Сендерден басқа сатқындар жоқ»: Шах-Керім Кәрмен өзін өсектеген жігіттерге жауап берді (ВИДЕО)

2018 жылдың жаз айында Түркістан облысы Абай ауылының 22 жастағы тұрғыны өзін 16 жасынан бастап екі ер адамның зорлап келгенін және олардың біреуінің үстінде полиция формасы болғанын айтқан еді. Алғаш рет оны 2012 жылдың наурыз айында зорлаған. Сұмдық қылмыс 3 жыл бойы жалғасып келіпті. Айтуынша, зорлап қана қоймай, интимдік видеолармен бопсалап, ақша талап еткен. Баласының басынан өткен жағдай туралы білген кезде ата-анасы екі ер адамның үстінен шағымданған.

Ерік ЕЛЕУСІЗ