16 наурыз күні Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты "Заңғар Медет" қоғамдық қорының төрайымы Ләйла Дарханбаеваның журналист Амангелді Батырбековтің үстінен түсірген "Қорлау", "Жала жабу" баптары бойынша шағымын қанағаттандырмады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Сарыағаш аудандық сотының судьясы Берік Каипов Батырбековтің Дарханбаеваның шағымы бойынша ақталғанын айтты. Бұл ақпаратты Батырбековтің өзі де растады.
"Батырбековтың Facebook парақшасына "Ләйла Дарханбаева алаяқ па әлде өтірікші ме?" деген жазбасына байланысты сот сараптамасының қорытындысы шықты. Сараптама қорытындысында Батырбековтің жазбасында Дарханбаеваның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін қорлау сөз жоқ екені жазылған", - деді Каипов.
Ләйла Дарханбаева сот үкіміне қатысты комментарий бермеді. Ақталған Батырбеков «соттың үкімімен келісемін» деді.
Бұдан бұрын Ләйла Дарханбаева Батырбековпен бірге оның әйелін және төрт адамды "жала жапты, қорлады" деп сотқа берген. Шағымға Батырбековтің желіге жариялаған жазбасы себеп болған. Сот тергеуі кезінде бес адамның үстінен жазған арызын қайтарып алған. Батырбековпен татуласудан бас тартқан.
Бұл – кейінгі бір жылда "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша журналист Батырбековтің үстінен қозғалған екінші іс. Бұған дейін Түркістан облыстық соты Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бахтияр Абдиев "ар-намысыма тиіп, қорлады" деп Амангелді Батырбековті сотқа берген. Сарыағаш аудандық соты Батырбековті 2 жыл 3 айға түрмеге қамаған. Ал Түркістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналисті ақтаған.