26.03.2020, 04:15

«Қазақ тойшыл» деген сайын... Қызылорда облысында тойхана иесі 7 тәулікке қамалды

фото: kyzylorda-news.kz
Сондай-ақ, 22.00-ден кейін жұмыс істегені үшін 20 кафе-тойхана және үйінде той өткізгені үшін 2 үй иесіне әкімшілік айыппұл хаттамасы толтырылды.

Қызылорда облысында Қазалы аудандық сотының қаулысымен төтенше жағдай режимін бұзған кәсіпкер 7 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, төтенше жағдай режимі кезінде бірінші кезекте қоғамдық тәртіпті сақтау қатаң бақылауға алынды. Стратегиялық маңызы бар объектілерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Адамдар көп жиналатын орындардың қызметіне сағат 22.00-ден кейін шектеу қойылды. Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды өткiзуге тыйым салынды.

Соған қарамастан, облыс бойынша төтенше жағдай кезінде режимді бұзып, сағат 22.00-ден кейін жұмыс істегені үшін 20 кафе-тойхана және үйінде той өткізгені үшін 2 үй иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен хаттама толтырылды», - деп мәлімдеді Қызылорда облысының прокуратурасы. 

Сонымен қатар, талапқа салғырт қараған тағы бір кәсіпкерге 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.