20.04.2020, 01:44

Жолаушыларды 5000 теңгеге тасымалдаған: Атырауда ТЖ тәртібін бұзған таски жүргізушілері ұсталды

Үшеуі де сағат 20:00-ге дейін жүзеге асырылатын азық-түлік жеткізу тәртібін бұзып, жолаушылар тасымалдаған.

Атырау қаласында 17 сәуірден бастап карантин мен шектеу талабы күшейтіліп, таксистер қызметіне де тыйым салынды. Дегенмен, олардың ақшаға құнығып, жолаушы тасымалдайтындары азаяр емес. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Полиция қызметкерлері тек бір тәулікте (18 сәуір) Атырау қаласында 55 құқық бұзушыны (негізінен автокөлік) ұстады. Ал 19 сәуірге қараған түні сағат 21:00-ден кейін жолаушылар тасымалдаған 24 жүргізуші анықталды.

Оның ішінде, полицейлер түн ортасында «inDriver» қосымшасы арқылы жеке тасымалдаумен айналысқан 3 жүргізушіні тоқтатты. Үшеуі де сағат 20:00-ге дейін жүзеге асырылатын азық-түлік жеткізу тәртібін бұзып, жолаушылар тасымалдаған. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 476-бабымен (Төтенше жағдай режимін бұзу) әкімшілік хаттамалар толтырылып, сотқа жолданды.

Бұдан басқа, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 608-бабын бұзған 3 жүргізушіге де хаттама толтырылды. Олар автокөлікті мас күйде басқарған», - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Карантиннің күшейтілген талабын бұзған таксистер ақшаға құнығып, ақыны өрескел қымбаттатып жіберген. Олар тапсырыс берушілерден бір мекенжайға жету үшін 3000-нан 5000 теңге аралығында ақы төлеуді сұраған.