Батысқазақстандық тұрғын 366 дана киік мүйізімен қолға түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 2 мамыр күні болған. Жедел іздестіру шаралары барысында киік мүйізін сату үстінде 1991 жылғы тұрғын ұсталды. Одан 366 киік мүйізіне қоса, «Volkswagen» автокөлігі тәркіленді. Қазір оның басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы 1-тармағының 1-бөлігіне сәйкес (киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау) тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Еске сала кетсек, биыл осы өңірде бұдан өзге төрт тұрғын 227 дана киік мүйізімен ұсталған болатын. Бүгінде ол дерек бойынша 1997 және 1978 жылғы азаматтарға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.