$ 484.11  528.79  5.03

«Мемлекеттік қызметке орналасу ережелеріне» бірқатар өзгерістер енгізілді

Енді әрбір кәмелет жасқа толған әрекетке қабілетті азамат бақылаушы бола алады.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасу үдерісін жеңілдету үшін және конкурстарды барынша ашық өткізу үшін Агенттіктің бастамасымен «Мемлекеттік қызметке орналасу ережелеріне» бірқатар өзгерістер енгізілді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Өзгерістер мен толықтыруларды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді.

"Біріншіден, қолданыстағы ережелер бойынша үміткерлер байқауларға қажеттілік бойынша үйден шықпай-ақ қатыса алады. Ол үшін құжаттарды электрондық пошта арқылы тапсыруға мүмкіндік берілді, яғни бұрын талап етілгендей, мемлекеттік органға құжаттардың қағаз нұсқаларын әкелу қажеттілігі жойылды.

Сонымен қатар, әңгімелесуден өту үшін кандидаттың мемлекеттік органға келуі қажет емес. Осылайша, түзетулерге сәйкес әңгімелесу қашықтықтан бейне байланыс құралдары арқылы жүргізілуі мүмкін.

Екіншіден, бұрын мемлекеттік қызметке орналасу бойынша конкурсқа қатысу үшін үміткерлер конкурс қорытындысына қарамастан толық құжаттар тізімін дайындау қажет болатын.

Енді конкурсқа қатысу үшін үміткерлер өз өтінішіне тек екі құжатты: дипломның көшірмесін және қызметтік тізімнің көшірмесін қоса ұсынады.

Қалған талап етілетін құжаттарды конкурстық комиссияның оң шешімін алған кандидат ғана тапсырады.

Үшіншіден, Агенттік конкурстық рәсімдердің ашықтығын одан әрі арттыруға бағытталған түзетулер қабылдады.
Осылайша, соңғы түзетулерге сәйкес, конкурсқа қатыса алатын әлеуетті бақылаушылар қатары барынша кеңейтілді.

Бұған дейін бақылаушылар тобына депутаттар, БАҚ, қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялардың өкілдері, Агенттік және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері кірді.

Енді әрбір кәмелет жасқа толған әрекетке қабілетті азамат бақылаушы бола алады.

Бұл үміткерлерге конкурстық комиссияның хатшысын алдын ала хабардар ете отырып, өзінің байқаушысын әңгімелесуге шақыруға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, бұрын Комиссия шешімі дауыс беру жолымен қабылданатын. Мәселен, комиссияның кейбір мүшелері конкурстық комиссия мүшелерінің бағалауы бойынша басқа кандидаттардан аз балл жинаған кандидатқа дауыс бере алатын.

Соңғы түзетулерге сәйкес, комиссия мүшелері дауыс беру арқылы лауазымға кандидатты таңдамайды. Конкурстық комиссияның шешімі бойынша бос лауазымға ең көп балл жинаған кандидат ие бола алады. Бұл ретте, ұпайлар үміткердің жауаптарының дұрыстығы мен толықтығын, оның эссесінің бағасын, оның тәжірибесін, білімі мен коммуникативтік дағдыларын, лауазымның ерекшелігіне байланысты қойылатын критерийлерді ескере отырып қойылады.

Бесіншіден, әңгімелесу конкурс жеңімпазын таңдау кезінде жалғыз өлшем болып табылмайды.

Сонымен, конкурсқа дейін үміткерлер мемлекеттік тілді және заңнаманы білуге тестілеуден, сондай-ақ жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді. Ал «Б» корпусының басшы лауазымына кандидаттар (басқарма басшысы лауазымынан және одан жоғары) бұдан бөлек эссе тапсырады.

Сондай-ақ конкурстық комиссияның мүшелеріне лауазымның ерекшелігіне байланысты тиісті жұмыс дағдылары мен құзыреттілігі бар ең үздік кандидатты таңдау үшін қосымша іріктеу құралдарын қолдану құқығы берілген. Мысалы, конкурстық комиссия үміткерлерден тиісті саладағы проблемалар мен оларды шешу мүмкіндіктері бойынша презентация жасауды, кейстік немесе практикалық тапсырмаларды шешуді және т.б. сұрай алады.

«Б» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға барлық конкурстар қатаң түрде көрсетілген талаптарға сәйкес өтуі тиіс. Аталған өзгертулер біздің азаматтарымыз үшін мемлекеттік қызметке орналасу рәсімін жеңілдететінін, сондай-ақ іріктеу тетіктерінің транспаренттілігін арттыратынын атап өтемін", - делінген жазбада.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары