$ 494.87  520.65  4.91

Оралда заңсыз үстемақы дәрігерлермен қоса сантехниктерге де төленген

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шашау шыққан қаржыны түгендеп жатқанда, оралдық 3 полицей мен облыстың Сырым ауданындағы аурухана қызметкерінің коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Оралдағы медициналық мекемелердің қызметкерлері пандемия жағдайында заңсыз төленген үстемеақыны кері қайтаруы мүмкін. Батыс Қазақстан облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі оларға еңбекақының асыра төленгенін анықтапты. Қазір бұл іспен құзырлы органдар айналысып, ақшаны кері қайтару жолын ойластырып жатыр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Наурыз айында облыстағы 215 медициналық қызметкерге 20 миллион теңге көлемінде үстемеақы төленген. Бір қызығы, облыста карантин 31 наурыздан бастап жарияланғанымен, емдеу мекемелері жұмысшыларына үстемақыны беруді 1 наурыздан бастапты.

«Мысалы, бір дәрігер провизорлық орталық пен карантиндік бөлімде қатар жұмыс істеп, екі жерден қолдау тапқан. Дәрігердің карантиндік мекемеден қалай шыққаны әрі басқа жерде жұмыс істегені әзірге белгісіз болып отыр. Осылайша, ол провизорлық бөлімнен 79 мың теңге, ал екінші карантиндік бөлімнен 104 мың теңге көлемінде қаржылық қолдау алған. Енді біз бұл жөнінде комиссияға арнайы хат жолдадық. Қазір бұл мәселені шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде», - дейді БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басқарма басшысы Біржан Хайруллин.

Мамандар мұндай олқылықты Денсаулық сақтау министрі бұйрығының жалпылама болуымен түсіндіреді. Осылайша, коронавируспен күрескен дәрігерлердің қатарына қарапайым жұмысшылар мен сантехниктер де қосылып кеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шашау шыққан қаржыны түгендеп жатқанда, оралдық 3 полицей мен облыстың Сырым ауданындағы аурухана қызметкерінің коронавирус жұқтырғаны анықталды. 

«Бұл ауру бұған дейін де облыс ішінен анықталған. Қазір өңірде 339 адам коронавирус жұқтырды. Олардың 70%-ы – Ресей мен Атырау облысында вахталық әдіспен жұмыс істейтін сырттан келген адамдар. Ал қалғандары – олармен жақын араласқан тұрғындар», - дейді БҚО бойынша Тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Қазір мамандар аудандық аурухана қызметкерінің қатерлі кеселді қайдан, кімнен жұқтырғанын таба алмай жатыр. Ол да өзінің ешқайда шықпағанын, науқастармен араласпағанын, тіпті, вахтамен жұмыс істейтін таныстарының да жоқ екендігін айтып ақталыпты.

Аурухананың 56 қызметкері оқшауландырылып, ғимараттың іші-сыртын зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Мамандар ауру табылған Сырым ауданының карантинге жабылмайтынын айтты. Дегенмен, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын естен шығармау керектігін қатаң ескертеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары