$ 494.87  520.65  4.91

Интернаттағы 4 баланың өлімін жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің тексеруіне тура келді

Олардың асқазанынан бактерияның табылуы көпшіліктің көңілін күпті қылды.
фото: видеодан скриншот
фото: видеодан скриншот

Ажалдары қызылшадан келген жоқ. Аягөздің арнайы интернатындағы төрт баланың өліміне туа біткен аурулары себеп. Өткен аптадан бері шу болған оқиғаны «егжей-тегжейлі тексердік» деген ведомствоаралық комиссия осындай қорытынды шығарды. Шығыс Қазақстан облысының шенділері де карантинде жеткіншектердің көз жұмуына асқазан инфекциясы мен қызылшаның қатысы жоқ деп сенімді отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Дегенмен, қайғылы жағдайлардан кейін Аягөз қаласындағы мемлекеттік мекемені Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де тексермек. 

Аягөздегі арнайы интернаттың тәрбиеленушілері қызылшамен ауруханаға жатқызылып, оның төртеуі көз жұмды деген ақпарат тарағалы жергілікті билік өкілдеріне тыным жоқ. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған дімкәс балалардың арнайы қызмет көрсету орталығы апта басынан бері тексеруден көз ашпай келеді.

Кеше ведомствоаралық комиссия өз қорытындысын жариялады. Дәрігерлердің шешімін негізге алдық деген атқамінерлер балалардың мезгілсіз қазасына қызылшаның қатысы жоқ екенін айтады.

«Балалар бір айдың ішінде әртүрлі уақытта қайтыс болды. Олардың туа біткен аурулары асқынып кеткен. Алғашқы жағдай 2 сәуірде болды. Ол кезде 2008 жылы туған бала көз жұмған. Дәрігерлердің шығарған қорытындысы: өлімге қызылшаның қатысы жоқ. Бұл туралы тиісті медициналық куәліктер мен актілер де бар. Жан тапсырған жеткіншектерден бұрын ата-аналары бас тартқан», - дейді ШҚО әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат.

Шуға себеп болған орталықта психоневрологиялық патологиясы бар 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Бірақ, олардың асқазанынан бактерияның табылуы көпшіліктің көңілін күпті қылды. Себебі, мемлекеттік сатып алу сайтындағы тапсырыстардан кейін интернаттың ас мәзірі қымбат шипажайдан кем емес пе деп қаласың.

Мәселен, мекеме сәуір айында 750 мың теңгеге бекіре уылдырығын және 650 мыңға 60 келі қызыл балық сатып алыпты. «Қымбат балықтар балаларға берілді ме?» деген сұраққа енді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жауап іздейтін болады.

«Бұл оқиғадан кейін тиісті іс-шаралар қабылдаймыз. Нақтырақ айтсақ, аталмыш мекеменің қазына қаржысын қалай жұмсағанын тексереміз. Тексерудің қорытындысы міндетті түрде жарияланады», - деп мәлімдеді ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.

Қазір қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал осы жағдайдан кейін Аягөздегі интернаттың директоры, оның орынбасары және бөлім басшысы тәртіптік жазаға тартылды. Дүйім жұртты елең еткізген оқиға еліміздегі 113 әлеуметтік орталықтың жоспардан тыс тексерілуіне себеп болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдымен балаларды оңалтатын орталықтардың жай-күйімен таныспақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары