АҚШ соты қашқын Храпуновтарға үкім шығарды. Әкелі-балалы Виктор мен Ілияс Храпуновтар өздері білген жайттарды сотта әдейі жасырып, істі созбаққа салғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қашқын шенеуніктің отбасы арызданушы Алматы қаласы әкімдігі мен БТА банк жалдаған адвокаттардың шығынын өтеуге міндетті. Тіпті, Храпуновтар бұдан былайғы сот отырыстарында өздерін ақтап алатын қандай да бір дәлел-дәйек келтіруге де құқылы емес.
«Өйткені, олар тағылған айыпты жоққа шығару үшін дәлелдерді қасақана жойып тастаған», - дейді судья. Сондықтан Алматының экс-әкімі мен оның баласын енді алқа билер де ақтап ала алмауы мүмкін.
Виктор Храпуновқа мемлекет мүлкін талан-таражға салды, қызметін асыра пайдаланды, ұрланған мүлікті заңдастырды деген бірнеше айып тағылып, сырттай 17 жылға сотталған. Ал әйелі Ләйлә Храпунова 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың мемлекетке келтірген шығыны 250 миллион долларға бағаланған.