Павлодарда психикалық ауытқуы балаларды төсекке таңып, ұрып-соққан орталық қызметкерлері сотталды. «Балаларға жәбір көрсетті» деген айып жиыны 18 педагогқа тағылған. Оның төртеуі бас бостандығынан айырылса, біреуінің ісі сотта қаралып жатыр. Қалған 13 қызметкердің ісі тергелу үстінде, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Еске сала кетсек, бұл жантүршігерлік оқиға жыл басында тіркелген. Павлодардағы психоневрологиялық балалар орталығының қызметкерлері кемтар балаларға жәбір көрсеткені туралы видео ғаламтор арқылы тарап, көпшіліктің қызу талқсына түскен еді. Кейбір балалардың төсекте байлаулы қалпы таң атқанша жатқаны белгілі болды.
«Мекемені тексере келе, балалардың төсекке таңылғанын анықтадық. Онымен қоймай, оларды ұрып-соққан. Содан балалар түні бойы төсекте байлаулы қалған. Мекеме қызметкерлері оларды шешуді ұмытып кетіпті», - дейді облыстық прокуратураның басқарма басшысы Асхат Қоқымбаев.
Балаларға зорлық-зомбылық көрсету Павлодар облысында азаймай отыр. Жыл басынан бері осыған ұқсас 22 оқиға тіркеліпті. Арасында балаларға сексуалды сипатта күш қолдану жағдайлары да бар. Жаға ұстатарлық жағдайға байланысты «Nur Otan» партиясының партиялық бақылау комиссиясы шұғыл отырыс өткізіп, жұмысына салғырт қараған басшыларды тәртіптік жазаға тартты.
«Жұмысына жауапсыз қызметкерлерді партиялық жауапгершілікке тарттық. Жасаған қылмысына қарай партия қатарынан шығарып, қатаң сөгіс бердік. Орталық басшысы мен осы салаға жауапты маманға тиісті шара қолданылды», - дейді «Nur Otan» партиясы ПОФ партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенко.