Шығыс Қазақстан облысында жайылымда жүрген жылқыны атып алған мал ұрылары ұсталды. Белгілі болғандай, бұлар маңайдағы ауылдардың төрт түлігін бұрыннан шыр айналдырған кәнігі ұрылар екен, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ұзақ уақыт ұстатпай жүрген олардың көлігін тексеру кезінде малдың қаны қатқан балталар табылды. Ұрланған жылқыны балтамен қақ бөліп, жүк салғышқа салыпты. Тіпті асыққаны сонша, терісін сыпырмай, басы мен аяғын кесе салған.
Малды қарумен атқан. Көліктің ішінен карабинмен бірге оқ-дәрілер табылды. Түн жамылған ұрылар олжасын басқа жерде сойып алуға кетіп бара жатқан сыңайлы.
Жарма ауданында ұсталған күдіктілердің өңірдегі басқа да мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Онда да дәл осы тәсілді қолданған. Яғни, жайылымда жүрген жылқыны атып, қақ бөліп әкетіп отырған.
«Олардың Семей қаласы, Жарма, Бесқарағай және Аягөз аудандары аумағындағы 13 мал ұрлау фактісіне қатысы бар екендігі дәлелденді. Мал иелеріне 4 миллион теңгеден астам шығын келтірген», - дейді ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.