Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты карантинге байланысты бір айлық үзілістен кейін қоғам белсендісі Бейбарыс Райымбековтің (Руслан Жанпейісов есімімен танымал) ісін қайта қарауды бастады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Райымбеков 2019 жылғы 10 маусымда Байтұрсынов көшесінің бойында Gelandewagen автокөлігінің жүргізушісімен жанжалдасқаны үшін айыпталуда. Тергеу деректері бойынша, айыпталушы жанжал кезінде «Премьер» маркасының аэрозольді құралын қолданып, көлік жүргізушісінің бетіне бұрыш ерітіндісін шашқан. Салдарынан жәбірленушінің көзі жарақаттаныпты.
Бұған дейін жәбірленуші екі рет медициналық сараптамадан өткен. Бірінші сараптаманың қорытындысы бойынша, оның денсаулығына жеңіл зиян келтірілгені анықталды. Алайда, содан 18 күн өткен соң жүргізілген келесі медициналық сараптама оның денсаулығына орташа зиян келтірілгенін көрсетті.
Бұған қоса, тергеу құжаттары мен жәбірленушінің жауабында Райымбековтің газ тапаншасын қолданғаны айтылды. Алайда, «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңға сәйкес, «Премьер» аэрозольді құралы атыс қаруына жатқызылмайды. Аталған құрал еркін сатылымда.
Осыған орай, сотталушы Райымбеков жәбірленушіге қандай зиян келтірілгенін нақты анықтау үшін оған қайтадан медициналық сараптама тағайындау туралы өтініш берді. Жәбірленуші мен прокурор қайтадан сараптама өткізуге қарсы пікір білдірді.
Алайда, сот айыпталушының өтінішін қабылдап, қайтадан медициналық сараптама тағайындады. Сараптаманы елордалық мамандар жүргізетін болды.
Еске сала кетейік, бұған дейін 35 тәулік әкімшілік қамаудан босатылған танымал блогер, қоғам белсендісі Руслан Жанпейісов қорғаушысы Закир Асадовтың facebook парақшасынан қазақстандықтар мен билікке үндеу жолдаған болатын.