Кеше қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде есірткі заттарын өткізбек болған екі оқиға тіркелген болатын, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР Ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитеті мәлімдегендей, 60 жастағы Тараз тұрғыны қатаң тәртіптегі колонияға есірткі затын өткізбек болған кезде ұсталды. Тексеру кезінде қылмыстық атқару жүйесінің қызметкері аяқ-киімге арналған крем қорапшасынінің ішінен ақ ұнтақты зат салынған целлофан пакетін көріп қалған. Сот-химиялық сараптама қорытындысында мұның героин екені анықталды.
«Келесі жағдай Алматы тергеу оқшаулағышында тіркелген. Әкелінген азық-түлікті тексеру кезінде бір бөлке наннан полиэтилен орамасына оралған зат табылды. Сараптама нәтижесінде ол гашиш болып шықты. Салмағы 7 грамға жуық», делінген хабарламада.
Аталған фактілер бойынша материалдар қылмыстық қудалау органдарына жолданды.