25 маусым күні Ақтөбе облыстық соты «жұртты митингке шақырды» деп айыпталған жергілікті белсенді Тарбия Алмышеваға қатаң жаза қолдануды сұраған прокуратураның апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Осыған дейін әкімшілік сот Алмышеваны «6 маусым күні ақтөбеліктерді митингіге шақырды» деп айыптап, ескерту жасаған, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, прокуратура сотқа апелляциялық өтініш хат жолдап, Алмышеваның үстінен қозғалған әкімшілік істің қайта саралануын сұраған.
«Әкімшілік сот Тарбия Алмышеваны 488-баптың 1-бөлімімен (бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу) кінәлі деп тапты. Тұрғындарды митингіге шақырғанын оның өзі де мойындаған. Тәртіп бұзушыға ескерту берілді. Прокуратура мұнымен келіспей, соттан Алмышеваны митингіні ұйымдастырушы ретінде жазалауды сұраған болатын. Сот прокуратураның өтініш хатын қанағаттандырмады» деп хабарлады облыстық сот.
Тарбия Алмышева 6 маусым күні «митинг өтеді» деп белгіленген Ақтөбедегі Өнер орталығы жанындағы алаңға жете алмағанын айтады. Оны полиция жақтастарымен бірге көшеден ұстап әкеткен.
«6 маусым күні Ақтөбеде митинг болған жоқ. Прокуратура мені болмаған митингінің ұйымдастырушысы еткісі келді. Онымен мүлдем келіспеймін! Онлайн сот кезінде өз пікірімді айттым. Судья әділ болды. Заңдылықтардың орындалуын қадағалаушы орган – прокуратураның әрекетіне қайранмын. Прокуратура мені және менің жақтастарымды полицияның 7 сағат бойы учаскеде заңсыз ұстағанын неге ескермейді?» - деді Тарбия Алмышева.