$ 498.34  519.72  4.85

Рудныйлық кәсіпкер археологиялық ескерткіш аумағын қоқыс алаңына айналдырып жіберген

Енді экология департаменті кәсіпкерді аумақты қоқыстан тазартуға міндеттеп отыр.

Қостанай облысының экологтары мен табиғат жанашырлары дабыл қақты. Олар Рудный қаласындағы археологиялық ескерткіш аумағының экологиялық ахуалына алаңдайды. Қола дәуіріне тиесілі көне мекен көптен бері тұрмыстық қалдық алаңына айналған көрінеді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

«Мамыр айында табиғат аясына шықтым. Алексеев тұрағы аумағының күл-қоқыс алаңына айналғанын байқадым. Сол тұста дабыл қаққан едім. Кейін тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесіп, біртіндеп қоқысты тазарттық. Келесі күні келсем, тағы да төгіп кетіпті», - дейді экобелсенді Максим Фролов.

Белсенді топ тиісті орган өкілдерімен бірлесіп, рейдтік шаралар ұйымдастырған. Соның нәтижесінде, полиция «Алексеев тұрағына» тонналап тұрмыстық қалдық төккен кәсіпкерді анықтады. Енді экология департаменті кәсіпкерді аумақты қоқыстан тазартуға міндеттеп отыр.

«Қоқыс төккен адам Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айппұл салынды», - дейді Қостанай облыстық Экология департаментінің мемлекеттік инспекторы Арман Жақыпов.

«Алексеев тұрағы» өткен ғасырдың 20-жылдары анықталған. Он жылдан кейін мәскеулік мамандар қазба жұмыстарын жүргізіп, қола дәуірінде өмір сүрген адамдардың сүйегі мен қолданған заттарын тапқан. Көне кешен аймақтың сакральды орындар тізіміне енгізілмеген. Дегенмен, мәдениет басқармасына қарасты археологиялық ескерткіштер қатарында бар.

«Рудный қалалық әкімдігі «Жол картасын» әзірледі. Археологиялық кешенді сақтау және қорғау мақсатында. Сол құжатта нақты жазылған, кімнің немен айналысатыны. Қазір біз облыстың бас археологымен бірлесіп, жұмыс атқарып жатырмыз. Көне мекеннің нақты аумағы анықталып жатыр», - дейді тарихи жәдігерлер жөніндегі әдіскер Галина Рощина.

Шаһар билігі әзірлеген бағдарлама жүзеге асса, көптен бері күл-қоқыстан көз ашпаған көне мекен тарихи орынға айналары сөзсіз. «Алексеев тұрағы» толық қоршалып, күзетке алынбақ. Аумаққа бейнебақылау камералары орнатылуы да мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары