$ 494.87  520.65  4.91

Балаларға қарбыздың қабығын қинап жегізген Ордабасы ауданының тұрғыны ұсталды

«Қарбызға байланысты екі жасөспірімге көрсеткен нем үшін... жегізгенім үшін халықтан және әке-шешесінен кешірім сұраймын», - деді ол полиция түсірген видеода.

Түркістан облысында балаларға қарбыздың қабығын мәжбүрлеп жегізген ер адам ұсталды. Ол Ордабасы ауданының тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеше соған қатысты әлеуметтік желілерде тараған видео полицияның назарына іліккен. Онда ер адам былапыт сөздерді айтып, екі кішкентай ұл балаға қарбыздың қабығын мәжбүрлеп жегізеді. Полицейлер қоғамдық резонанс тудырған бейнежазбаның авторын бір тәулік ішінде анықтап, ұстады.

Ордабасы ауданының тұрғыны бұл жәйт өткен жылдың тамыз айында болғанын айтып, өз кінәсін толық мойындаған. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары видеодағы балаларды тапқан.

«Екі баланың да ата-анасы полицияға арызданды. Сол арыздардың негізінде Қылмыстық кодекстің 389-бабы («Өздігінше билік ету») бойынша іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Сараптама қорытындысы негізінде анықталған азаматқа қатысты тиісті шара қолданылатын болады», - деді Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.

Тағы оқи отырыңыз: «Қабығымен қосып же, шешеңнің...»: бағбан қарбыз ұрлаған екі баланы өзінше «жазалады» (ВИДЕО)

Балаларға әлімжеттік көрсетіп, балағаттаған ер адам көпшіліктен кешірім сұрады.

«Қарбызға байланысты екі жасөспірімге көрсеткен нем үшін... жегізгенім үшін халықтан және әке-шешесінен кешірім сұраймын. Айыптымын, кінәлімін. Ашу үстінде болып қалды осындай. Кешіріңіздер», - деді ол полиция түсірген видеода.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары