Көбейтұз көліне айналма жолмен кіріп кеткен ерлі-зайыпты әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ерейментау ауданындағы қызыл түсті Көбейтұз көлінен тұз бен балшық алып кетпекші болған елорда тұрғындары Әкімшілік кодекстің үш бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. 7 тамызда ерлі-зайыптылар көлігімен полиция бекеттерін айналып жетіп, Көбейтұз көлінен күрекпен лай жинаған.
Аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері дереу тәртіп бұзған азаматтарды анықтады. Ерлі-зайыпты елорда тұрғындары ауданға қонаққа келген екен. Бірақ, ерекше көлді көргісі келіп, бекеттерді айналып, дала жолымен Көбейтұзға жеткен.
58 жастағы ер адам мен оның әйеліне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы («Ортақ су пайдалану ережелерін бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, карантин талаптарын бұзғаны үшін полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы («Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ, гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша материал жинап, облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберді.
ҚР ӘҚБтК-нің 139-бабына сәйкес мемлекеттік меншік құқығын бұзған ерлі-зайыптыларға қатысты жиналған материалдар Экология департаментіне жіберілді. Полицейлер карантин ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатынын тағы бір мәрте ескертіп, табиғат ресурстарына ұқыпты қарауды сұрайды.