10.08.2020, 00:40

Полицейге 2 мың теңге пара ұсынған жүргізуші 555 мың теңге айыппұл арқалады

Полицейдің бәрі бейнетіркегішке жазылып жатқандығы туралы ескертуі жүргізушіні тоқтатпады және ол ақшасын қызметтік автокөліктің жолаушылар орындығына тастай салған.

Жаңаөзенде полицейге пара бергені үшін ер адамға жарты миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Автокөлікпен тыйым салынған бағдаршам түсіне жүріп өткен жүргізуші полиция қызметкерінің назарына ілікті. Заңсыздық ресми түрде ресімделмеу үшін ол тәртіп сақшысына пара ұсынып, оның салдары үлкен айыппұлға айналды.

Белгілі болғандай, тәртіп бұзушы 2 мың теңгемен мәселені шешіп тастағысы келген. Полицейдің бәрі бейнетіркегішке жазылып жатқандығы туралы ескертуі жүргізушіні тоқтатпады және ол ақшасын қызметтік автокөліктің жолаушылар орындығының тұсына тастай салған.

Полиция қызметкері болған оқиға туралы тиісті органдарға баяндап, ер адамды жауапкершілікке тартты. Сот талқылауы ҚР ӘҚБтК-нің 676-бабы («Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі») бойынша жүргізілді.

Жаңаөзен қаласының әкімшілік соты құқық бұзушыны кінәлі деп танып, оған 200 АЕК (555 600 теңге) көлемінде айыппұл салынды.