Шығыс Қазақстанда банк менеджерінен 80-нен астам тұрғын зардап шеккен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомстводан мәлім еткендей, Өскемен қалалық полиция басқармасында лауазымын асыра пайдаланып, ұрлық жасады және алаяқтықпен айналысты деген күдікпен 28 жастағы тұрғынға қатысты қылмыстық іс өндірісі аяқталды.
Күдікті банк бөлімшесінде банк карталары жөніндегі менеджер қызметінде 3 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Ол банк клиенттеріне төлем карталары бойынша қызмет көрсетіп келген.
Полиция қызметкерлері күдіктінің қызметтік лауазымын пайдалана отырып, клиенттердің ақшалай қаражатын өз шотына аударып келгенін анықтады. Сондай-ақ, ол жалған ақпарат бере отырып, банктің 89 клиентіне қатысты бірқатар қылмыс жасаған.
«Тергеу барысында 4 500 000 теңгеге қатысты арыз түсті», – дейді ШҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Жанболат Қалетаев.