Қаржы мониторингі комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті салық төлеуден жалтару фактісі бойынша «BESHEL CONSTRUCTION» ЖШС-ға қатысты қылмыстық іске тергеу жүргізді, деп хабарлайды aikyn.kz.
Еске сала кетсек, компанияның басшысы мен құрылтайшысы – Түркия азаматы. Тексеріс нәтижесінде кәсіпорынның 2015-2018 жылдар аралығында 164 млн теңгеден астам сома көлемінде салық төлемегені анықталды.
Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы №2 сотының өкімімен Түркия азаматы ҚР Қылмыстық кодексінің 245-бабы 2-бөлімінің 1-тармағында қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін айыпты деп танылып, оған 2 жыл бойы ұйымдарда басқарушылық қызметтерді иелену құқығынан айыра отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.