Елорданың Есіл ауданындағы екі мейрамхана мен бір түнгі клуб карантин кезінде белгіленген жұмыс кестесін бұзды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Аудандық полиция өкілдерінің айтуынша, 28 тамызда мобильді топтың рейді кезінде «Метис» және «Шордич» мейрамханалары, «Аура» түнгі клубы келушілерді 23:00-ден кейін қабылдаған.
«Біз көпшілікке арналған орындардың карантин режимін бұзуы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының еріктілерімен бірге рейдтік іс-шара өткізіп жатырмыз. Мысалы, Тұран көшесінде орналасқан «Алания» («Аура») караоке-түнгі клубы карантин талаптарын бұзған. Меншік иесі 425-бап бойынша бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бақылау тексерісі кезінде тағы бір факт анықталды», - деді Есіл аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Мейірбан Өтеп.
Осы ойын-сауық мекемелерінің иелеріне қатысты жиналған материалды процессуалдық шешім қабылдау үшін тауарлардың сапасын бақылау және қауіпсіздігі бөліміне жіберу жоспарланған.
Бас санитар дәрігерінің 2020 жылғы 15 тамыздағы қаулысы шыққан соң, елордада 80-ге жуық заң бұзушылық анықталды.
Еске сала кетсек, қазіргі уақытта карантинге байланысты мейрамханалар мен кафелер жұмыс күндері түнгі 23:00-ге дейін қызмет көрсете алады. Демалыс күндері келушілерді тек далада қабылдауға рұқсат етіледі. Бұл ретте қоғамдық тамақтандыру орындары 30 орыннан аспауы тиіс.