$ 494.87  520.65  4.91

Карантин: елорда түнгі клубынан тәртіп бұзған 65 адам полицияға жеткізілді

Бұған дейін сол түнгі клубтың иесіне карантин режимін бұзғаны үшін 6 рет айыппұл салынған болатын.

Елордалық тәртіп сақшылары «Аура» түнгі клубынан түнде тыныштықты бұзып, кальян тұтынған 65 адамды полицияға жеткізді. Карантинді бұзғаны үшін ойын-сауық мекемесінің иелері айыппұл төлейді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«26 қыркүйек күні сағат 01:33-те «102» пультіне белгісіз адамдардан бірнеше рет телефон хабарламалары келіп түсті. Олар Нұр-Сұлтан қаласы, Тұран көшесі, 2 т.ж., «Аура» түнгі клубында жастар шу шығарып, тыныштықты бұзғанына шағымданды. Бұл фактіні тексеруге 10 учаскелік полиция инспекторы, 25 жедел әрекет ету жасағы, 8 «Ұшқын» экипажы – 16 инспектор, Есіл ауданы полиция басқармасының жедел тергеу тобы қатысты. Тексеру кезінде жедел тергеу тобы бұл бұзушылықты фото және видео жазба арқылы тіркеді. Түнде тыныштықты, сондай-ақ, карантин режимін бұзғаны үшін 65 азамат полицияға жеткізілді», - деп хабарлады Есіл аудандық полиция басқармасы.

Тәртіп бұзушыларға қатысты 65 әкімшілік хаттама жасалды. Оның 63-і түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны, екеуі кальян шеккені үшін. Сондай-ақ, «Ұшқын» экипаждары мас халде көлік жүргізудің 4 фактісін және автокөлікті құжатсыз жүргізудің 1 фактісін анықтады. «Аура» түнгі клубының әкімшілігіне халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнаманың талаптарын, сондай-ақ, гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін айып тағылды.

«Аура» түнгі клубына, ЖК «Алания» директоры Усманова Динара Ерболатқызына қатысты жиналған материалды заңды процедуралық шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберу жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.

Айта кету керек, бұған дейін түнгі клубтың иесіне карантин режимін бұзғаны үшін 6 рет айыппұл салынған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары