Селфи үшін өз өмірлеріне қауіп төндірген екі жасөспірім бұзақылық жасады деген айыппен жауапқа тартылатын болды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Сәрсенбі күні кешкісін Астана қаласы Есіл аудандық ІІД-нің кезекші бөліміне хабарлама келіп түсті. Онда Қабанбай батыр даңғылы бойында Есіл өзенінің үстінен көпірінің жоғарғы жағында бір жігіттің қызымен отырғаны айтылған.
«Қалалық полиция қызметкерлерінің көмегімен қыз бен жігіт көпірден түсірілді. Белгілі болғандай, олар Елорданың 17 жасар тұрғындары болып шықты. Жасөспірімдердің айтуынша, олар жоғарыда отырып, қаланың әсем келбетінің фонында суретке түспекші болған», делінген қалалық ІІБ хабарламасында.
Аталған іс бойынша ұсақ бұзақылық жөнінде әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды.