$ 494.87  520.65  4.91

Мектепке не үшін діни киіммен кіргізбейді? Заңгердің жауабы

Ата-аналар өз балаларын белгілі бір діни бағытқа тәрбиелеуге құқы бар ма, жоқ па деген сұрақтар да түседі. Бұл жерде біз тағы ҚР Конституциясына жүгінеміз. Ол бойынша әркім өзінің балаларын өзінің наным-сеніміне сәйкес тәрбиелеуге құқы бар.
фото: azattyq-ruhy.kz
фото: azattyq-ruhy.kz

Соңғы он шақты жылда елімізде жастар арасында дінге қызығушылық күрт өсуімен қатар қоғамда «дінді берік ұстанатын отбасы» деген ұғымдар шыға бастады. Соған сәйкес балаларына да өз діндерін үйретіп, тіпті бастауыш мектеп оқушыларын мектепке орамалмен жіберетін ата-аналар шықты. «Бұл мектептің тәртібіне қайшы, оқушы тек мектеп формасымен ғана келу керек» дегенге құлақ асқан үлкендер жоқ. Әуелі «біз зайырлы мемлекетте тұрып жатырмыз, қай дінді ұстансақ та өз еркіміз» деп өзінің «құқығын» қорғауға тырысқандар табылып жатты. Мектеп әкімшілігі өзінің ережесін алға тартса, ата-аналар «бұл менің өз құқығым» дегенді жақтап, екі жақта дау болған кездерге жиі куә болдық. Ал шын мәнінде зайырлы мемлекеттегі білім беру жүйесі қалай реттелген? Неліктен біздің елде діни киіммен мектепке баруға болмайды? 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, заң ғылымының докторы, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Серікхан Әділғазы Қазақстандағы білімнің зайырлы сипаты қандай екенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.  

Зайырлы деген сөзді күнделікті ақпарат құралдары мен газет беттері, жаңалықтардан естіп жатамыз. Бірақ көп адам ол сөзді жете түсіне бермейді. Зайырлылық дегеніміз мемлекеттің барлық басқару саласына діннің араласуына тыйым салады. Зайырлы елде мемлекеттік басқару жүйесі діни қағидалардан емес, құқықтық қағидалардан тұрады. Кез келген мемлекеттік басқару туралы нормативтік құқықтық актілер дін нормаларын басшылыққа алмайды, құқықтық мемлекет болғандықтан құқықтық қағидаларды, Конститутцияны басшылыққа алады. Соңғы кездері қоғамда ата-аналар мен білім беру ұйымдарының арасында болатын келіспеушіліктерге куә болып жүрміз. Көбінде діни киімдерге не мектеп формасына қатысты сотқа дейінгі дауларға барған жағдайлар бар. Неліктен біздің елде діни киіммен мектепке баруға болмайды?

 Ең бірінші, біздің ҚР-да қолданып жүрген заңдардың талаптарына сәйкес білім мекемелеріне оқушылар мемлекет бекіткен арнайы формада ғана баруға, оны сақтауға міндетті. Сөзіміз дәлелді болу үшін нормативті құқықтық актілерге сілтеме жасай кетейін. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның үшінші бабының бесінші тармақшасында ҚР барлық азаматтары өзінің діни ұстанымын мемлекеттік билікке міндетсінуге немесе сол өзінің діни ұстанымын негізге ала отырып, мемлекет бекіткен белгілі құқықтық қағидаларды жасамауға, бойұсынбауға құқы жоқ делінген, – дейді заңгер. 

Яғни, біз осы елдің азаматы ретінде заңда көрсетілген талапты міндетті түрде сақтауымыз қажет. Өйткені, заң алдында бәріміз теңбіз. 

Осы тұста мектеп формасы қай заңмен реттелген, Конституцияға қайшы емес пе деген сұрақтар туындайды. Олар қандай нормативтік құқықтық актілер арқылы бекітілген десек, маманның айтуынша елімізде 2007 жылы қабылданған «Білім туралы» заң бар. Оның 49 бабының 3-тармағында ата-аналар мен білім алушының өзге де заңды өкілдері белгілі бір мөлшерде мемлекеттік органдар бекіткен мектеп формаларын сақтауға міндетті және баланы онымен қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жерде ата-аналарға мектеп формасына байланысты мемлекет белгілі бір міндет жүктеп тұр.  

Бір ескеретіні, осы 2007 жылғы заңға 2015 жылы 13 қарашада белгілі бір өзгертулер енгізілді. Соған сәйкес 5 баптың 14.1 арнайы тармақшасы енгізілді. Ол тармақшаға сәйкес мемлекет орта білім ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қажет талаптарды әзірлейді және бекітеді. Соған байланысты 2016 жылы 14 қарашада Білім және ғылым министрлігі осы Заңдардағы барлық талаптарды жинақтап, арнайы №26 бұйрық қылып шығарды. Оны біз бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жиі айтып жүрміз. Сол бұйрыққа сәйкес ата-аналар өз балаларын мектепке жіберуге және мектеп не білім беру ұйымы бекіткен арнайы форманы сақтауға міндетті. Сонымен бірге ҚР-ның нормативтік құқықтық акілеріне сәйкес кез келген белгілі бір мектеп формасын бекітетін арнайы ұйымдар оны мемлекет бекіткен арнайы тәртіптен шығып кетпеуге немесе белгілі бір діни өкілдің не тым ашық-шашық деген сияқты т.б. білім алушының денсаулығына, әрекет жасауға ыңғайсыз келетін киімдерді жасамау керек. 

Мектеп формасына қойылатын бірыңғай талапты қазір көпшілік ислам дінінен шығатын белгілі бір киім элементтеріне, яғни хиджабқа ғана қарсы деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Мектепке спорттық киім не шорты секілді т.б. ашық-шашық, жылтыраған киімдермен де келуге тыйым салынады.    

Ал мектеп қабырғасындағы оқушылардың белгілі бір мөлшерде діни білім алуға не діни мінәжат, діни рәсімдер өткізу немесе мектептің ауласында бес уақыт намазын өтеу, оқушылар арасында діни уағыз жүргізуді қолданыстағы заң қалай реттейді? 
Бұл сұраққа да заңгер маман толық жауап беріп, мәселені кеңінен тарқатты. 

Орта білім ұйымдарында білім алушы оқушылар ҚР нормативті құқықтық актілеріне сәйкес біріншіден намаз оқуға, діни іс-шаралар өткізуге не діни рәсімдерді атқаруға, жүргізуге құқығы жоқ. Екіншіден, қазір біздің  қолданыстағы Заңға сәйкес он сегізге толмаған азаматтар діни мекемелерге барып, діни рәсімдермен айналысуға тек қана өзінің қамқоршылары не қорғаншылары болған кезде ғана мүмкін болмақ. Ондай болмаған жағдайда сол жердегі діни қызметкерлердің, жауапты тұлғалармен кіргізілмеуі мүмкін. Қазір осы нормаға байланысты қоғамда үлкен талқылау болып жатыр, – деді заңгер. 

Айта кетейік, 2011 жылғы Заңға сәйкес оқушылардың арасында уағыз айту мәселесі бойынша ҚР аумағында діни уағыздарды тек қана миссионерлер немесе мемлекеттік тұрғыда тіркелген діни білімі бар адам ғана жүргізе алады. Бұл жерде мектеп ауласында оқушылардың бір-біріне діни уағыздар жүргізуіне заң бойынша рұқсат жоқ. Кейде оқушылар білместікпен істеуі мүмкін. Сондай жағдайда ол мектеп әкімшілігі арқылы реттелуі тиіс. Ол қолданыстағы заңдар бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі арқылы белгілі бір жауапкершілікке әкеп соғады. 

Ата-аналар өз балаларын белгілі бір діни бағытқа тәрбиелеуге құқы бар ма, жоқ па деген сұрақтар да түседі. Бұл жерде біз тағы ҚР Конституциясына жүгінеміз. Ол бойынша әркім өзінің балаларын өзінің наным-сеніміне сәйкес тәрбиелеуге құқы бар. Оны шектеуге немесе балаларға діни тәрбие бермеңіз деген секілді тыйым сала алмаймыз. Себебі, ҚР Білім туралы Заңына сәйкес ата-ана өзінің баласының міндетті орта білім алуын қамтамасыз ету керек. Және ол баласына жағдай жасауға міндеттеледі. Яғни ата-ана өзінің діни ұстанымына сәйкес баласын мектепке жібермей қою, оған мәжбүрлеп орамал кигізу немесе екпе салмай қою секілді т.б. іс-әрекеттер жасауға құқы жоқ. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары