$ 447.4  477.55  4.76

Төтенше жағдайда тосылып қалған емес

Апат айтып келмейді. Ал төтенше жағдай кезінде тәртіп сақшылары қарап қалған емес.
фото: time.kz
фото: time.kz

Көп сынға ұшырап жатса да, полицей қызметкерлерінің ел тұрғындары үшін жасап жатқан жақсылықтары аз емес. Олар көбіне көрінбей тасада қалып қойып жатады. Сол себепті Skifnews.kz ақпараттық порталы тосын жағдайда тосылып қалмаған тәртіп сақшыларының ізгі әрекеттерін тізбелеп көрмек.

Отыз адамды құтқарып қалды

Құлсары қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде өрт шықты. 6 шілдеде таңғы сағат 4: 15-те 102 панеліне өрт туралы қоңырау түседі. Өрт көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісіндегі қалқанның істен шығуынан болған. 
Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторлары Парахат Пірмағамбетов пен Гарифолла Сағидоллин, патрульдік полиция взводының инспекторлары Айдар Шарипов, Рүстем Сарузинов, Қуантқан Сағидолаев және Алишер Сандибаев тұрғындардың көмек сұраған дауыстарды естіп, лезде құтқару жұмыстарына кірісіп кетеді.

- Кіреберіс түтінге толды, тұрғындар терезеден айқайлап, ең болмағанда балаларды көшеге шығаруымызды сұрады. Біз бірден іске кірісіп кеттік. Ең бірінші балалардың үстіне киім жабу арқылы оларды жалыннан алып шықтық. Біздің бақытымызға орай ешкім зардап шеккен жоқ, - деді патрульдік полиция взводының инспекторы Айдар Шарипов. 

Оқиға орнында түсірілген бейнежазбадан инспектор мен патрульдік полиция өкілдерінің жан аямай жүгіріп, тұрғындарды құтқаруға күш салып жатқанын көруге болады. Олар тұрғындарға терезелерді ашып қоюын ескертіп, өздері өрт сөндірушілер келгенше құтқару жұмыстарына кірісіп кеткен. Қабаттан-қабатқа үлкен кісілерді асқан ептілікпен түсіріп, қорқынышқа бой алдырып, жылап жатқан сәбилерді жұбатып, киім, көрпелерге орап далаға алып шығып жатқанының куәсі болуға болады. Полицей қызметкерлерінің жауапкершілігі мен жылдамдығының арқасында көпқабатты үй тұрғындары қайғылы оқиғадан аман қалды. Олар жалпы саны 30 адамды эвакуациялады, оның 10-ы кішкентай балалар.
Жылыой аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Мұрат Демегенов аталған оқиғаға байланысты былай пікір білдірген еді: 

-Айта кету керек, бұл Құлсары аудандық бөлімі полициясының өрттен адамдарды құтқаруы бірінші рет емес. Осыдан үш ай бұрын, яғни ақпан айында да осындағы көп пәтерлі үйдің бірінде өрт болып, тұрғындарды полиция қызметкерлері эвуакуациялаған болатын.

Қиын жағдайда қалған қызды құтқарды

Павлодар облысының полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовке Омбы қаласынан келген студент Аделия Мусафирова алғысын білдірді. Не үшін екен десеңіз, оқиға былай өрбіген еді.
Омбылық студент қыз Павлодарға қонаққа келген. 10 шілдеде Жеңіс саябағында серуендеу кезінде оның ұстамасы ұстап, құлап қалған. Бұл кезде саябақта адамдар көп болғанымен, ешкім жанына келіп не болғанын сұрай қоймапты.

Қуанышқа орай, сол кезде көшеден солтүстік полиция бөлімінің тергеушісі Олжас Көкеш өтіп бара жатқан. Аделияның науқасы басталғанын көріп, оған жүгіріп келіп, алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
 Және дереу жедел жәрдем шақырып, қызбен бірге медицина қызметкерлерінің келуін күтеді.
Қазіргі уақытта Аделиялың жағдайы қалыпты. Ол қиын жағдайға тап болған кезінде бейтараптылық танытпаған Олжасқа дән риза.

 - Қазір мен ауруханада жатырмын, өзімді жақсы сезінемін. Менің өмірімді сақтап қалған полиция қызметкеріне үлкен рахмет, оған зор денсаулық тілеймін! – деп, студент қыз өзінің ризашылығын жеткізді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары