Ерлік үлкен болмайды. Ол өте қарапайым. Тек оны түсініп, бағалай білетін кең көңіл мен жылы жүрек болса жеткілікті. Тәртіп сақшыларының да жолда, көшеде, аулада, тіпті қызметтен тыс уақыт та жасап жататын игі істері соған дәлел. Олар ол жақсылықтарын айқайлап айтпауы да мүмкін. Соны біз, Skifnews.kz ақпараттық порталы айтамыз деп шештік.
Өзенге аққан «өмірді» құтқарған
Семей қаласында полицей қызметкері өзенге ағып бара жатқан қызды құтқарып қалды.
Семей қалалық полиция бөлімінің кәмелет жасқа толмаған балалар ісі инспекторы Қанаш Құрманбаев өзінің кезекті қызметтік демалысын алғаннан кейін өзінің кішкентай қызымен Бейбітшілік аралына барып таза ауамен дем алып, Ертіс өзеніне түсіп қайтуға жол тартады. Бұл шілде айының ең бір ыстық күндерінің бірі еді.
Өзенге шомылып болып, демалып жатқан ол өз маңайынан «қызымды құтқарыңдар!» деген әйел адамның жан ұшыра айқайлаған дауысын естіп, дереу атып тұрады. Сөйтсе, өзінен отыз метрдей ғана қашықтықта 11-12 жасар қыз баланың өзен ағысымен ағып бара жатыр екен. Өзінің кішкенай қызын танысының қасына қалдырып, өзі өзенге секіреді.
Жүзіп барып, әбден қорқып, бойын үрей билеген қызды құтқарып, оны сабырға келтіреді. Өзенның қатты ағысына қарамастан, оған қарсы жүзіп, қыз баланы жағадағы әпкесіне әкеп тапсырады.
Қыз баланың әпкесі сіңілісінің өзеннің ағысына қалай тап болғанын байқамай қалған екен. Өзі жақында ғана ота жасатқандықтан суға секіре алмаған. Жағадағы көп адамдардың ішінен суырылып шығып, ерлік танытып, кішкентай ғұмырды құтқарып қалған тәртіп сақшысына қыздың әпкесі үлкне алғыны білдірді.
Аталған жайттан хабардар болған Семей қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы Қанашқа көрсеткен батылдығы мен қызметі мен адам өміріне деген жауапкершілігі үшін Құрмет грамотасымен марапаттады.
Қанаш Құрманбаев Семей полиция басқармасында 2009 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол бұл ісін ерлік санаған емес. Бұл кез келген азамат жасауы мүмкін ізгі әрекет болуы тиіс дейді.
Бірнеше көлік иесіне көмектескендер
Түркістан облысының полициясы жүргізушілерге тоқтап қалған көліктерді жөндеуге көмектескен екен. Бір күнде бірнеше көлік иелеріне жәрдемдесіп, діттеген межелеріне кешікпей жетуіне себепші болған. Соларға тоқталып кетсек.
Жол қауіпсіздігі бойынша рейдтер кезінде Шардара облыстық полиция департаменті, патрульдік полициясының қызметкерлері тоқтап тұрған Mazda көлігін байқайды.Тәртіп сақшылары оның жанына барып, жүргізушіден көмек керек пе деп сұрайды. Ер адам көлігінің аккумуляторы отырып, өзі шарасыз күйге түскенін айтады. Ол көлікті өз күшімен іске қоспақ болған, бірақ ол әрекеті еш нәтиже бермеген. Жағдайға қаныққан тәртіп сақшылары жүргізушімен бірге көлікті тексеріп, қарап, жөндеу жұмыстарына көмектеседі.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлығы бірігіп жасаған іс нәтижелі болып, көлік іске қосылады. Жүргізуші бейтанысқа бейтараптылық танытпаған тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
Дәл сол күні тәртіп сақшылары Opel жүргізушісіне көмектескен еді. Оның көлігі де жолда тұрып қалған. Белгілі болғандай, көлікті жөндеу үшін бөлшектерді ауыстыру қажет болған. Патрульдік полиция инспекторлары жүргізушіге шетелдік автокөлікті жақын маңдағы автобөлшектер дүкеніне жеткізуге көмектеседі.
Жергілікті тұрғындар өз кезегінде Шардара РОП Патрульдік қызметінің қызметкерлері Руслан Мырзабаевқа, Марат Бердалиев пен Дамир Қоғабаевқа көрсеткен көмегі мен ниеті үшін зор ризашылықтарын білдірді.