Полицей қызметкерлері кез келген орында, мекенде көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып қана қоймай, қызметтерінің жеңілдеуіне үлес қосып, қоғамдық жауапкешіліктің жүгін бөліскісі келетін жандарға да әрдайым ашық. Skifnews.kz ақпараттық порталы тәртіп сақшыларының біреуге қуаныш сыйлап, біреудің жоғатқанын табуға көмектесіп, ал біреуге алғыс білдіріп жүргендеріне куә. Айғақ ретінде төмендегі оқиғаларға назар салсақ.
Сәбилердің жүзіне күлкі сыйлады
Алматы қаласы Наурызбай ауданының полицейлері көп балалы отбасына көмектесті.
Полиция өзінің көмегіне мұқтаж болған жандарды қиын жағдайда қалдырып кетпейді. Егер нақты көмек қажет болса, олар әрқашан көмек қолын созуға тырысады. Кәмелетке толмаған жеті баласы бар отбасы көптен бері теледидар туралы армандаған. Бірақ оны сатып алуға отағасының мүмкіндігі болма қоймайды. Ал балалар сол тілектерін Аяз ата емес, полицей қызметкерлері орындайды деп ешқашан ойламаса керек-ті. Күтпеген жерден тосын сыйымен келген тәртіп сақшылары көп балалы отбасын бір-ақ сәтте шат-шадыман күйге жеткізген еді. Теледидар да полицей қызметкерлеріне оңай бұйырмапты. Бұл туралы төменде айтып береміз.
«Жыл сайын Алматы полиция департаментінің басшылығы ДП жеке құрамы арасында Қазақстан полициясы күніне орай жарыстар өткізеді. Биылғы жылы да ешқандай ерекшелік болған жоқ. Біздің бөлімнің қызметкерлері командалық екінші орынды иеленді. Сыйлық ретінде бізге теледидар берілді, бірақ қызметкерлер бірауыздан оны жалдамалы пәтерде тұратын көпбалалы отбасына ұсынғысы келетіндіктерін білдірді. Бұл мұқтаж жандарға көмектесу ғана емес, жастарды өзара көмек пен жанашырлық рухында тәрбиелеу», - дейді Наурызбай аудандық полиция бөлімінің бастығы Дидар Аханов.
Өз кезегінде көп балалы отбасы мүшелері жылы жүрек, кең көңіл иелері, тәртіп сақшыларына ерекше ризашылықтарын білдірді.
Қарт әжейге көмектесті
Өткен демалыс күндері Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің жасағы жоғалған баланы табуға көмектескен болатын. Әскери жасаққа қарт әже келіп, саябақта серуендеуге шыққан 5 жасар немересін бір сағаттан астам уақыт таба алмағанын айтады.
Әскери жасақтың бастығы А.Болат патрульдік қатардағы жауынгерлер Д.Юсупов пен Г.Терещенкомен бірге жағдаймен хабардар болғаннан кейін саябақтың қарсы жағындағы ойын алаңында жүрген баланы байқайды. Әскери жасақ баланың жанына барып, алып келіп, әжесі мен ата-анасының қолына тапсырады.
Баланың әжесі әскери жасаққа қырағылық танытып, санаулы уақытта-ақ немересін табуға көмектескені үшін ризашылығын білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Жасөспірімдерге алғыс білдірді
Павлодар облысының полицейлері қызмет кезінде үлес қосып, белсенділік танытқан жасөспірімдерді марапаттады.
Шарбақты аудандық полиция бөлімінің бастығы Елдос Нұрғалиев Аграрлы-техникалық колледжінің студенті Виктор Зубатенко мен Дмитрий Бойкоға және №1 Жалпы білім беретін мектепте оқитын Карина Карабаеваға полиция қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, аудан тұрғындарына көмектескендері үшін алғыс білдіріп, марапаттау қағаздарын тапсырды.
Біраз уақыт бұрын Виктор Зубатенко мен Дмитрий Бойко көшеден ішінде құжаттары бар әмиян тауып алып, оны полиция қызметкерлері арқылы иесіне қайтаруға көмектескен болатын. Ал Карина Карабаева жол бойынан ұялы телефон тауып алған кезде лезде полиция бөлімшесіне хабарлаған.
Шараны өткізген полиция бөлімінің бастығы Елдос Нұрғалиев жасөспірімдерді арнайы шақырып, марапаттау себебін осылай түсіндірді.
-Біздің қоғамның ең маңызды міндеттерінің бірі - өсіп келе жатқан балалар мен жасөспірімдердің бойына жауапкершілік дарытып, болып жатқан құқық бұзушылықтарға көз жұмып қарамай, әділетсіздіктің болмауына үлес қосуға тәрбиелеу. Біз де өз кезегімізде дәл осындай көзқарастағы балаларды қолдауға, олардың қатарын көбейтуге үлес қосқымыз келеді. Мүмкін, болашақта олар біз сияқты полиция қызметкерлері болып, ел тұрғындарына көмектесуді қалайтын шығар.