$ 494.87  520.65  4.91

«Заңды белден басты»: Маңғыстау мұнай компанияларының арасындағы дау не болды?

Тараптар қайта соттасады.
Фото: portaktau.kz
Фото: portaktau.kz

«БатысНефтеТрейд» компаниясы бұрынғы серіктесіне 900 миллион теңге төлеу туралы сот шешімдерінің күшін жоюға қол жеткізді. Жоғарғы Сот «БатысНефтеТрейд» ЖШС мен оның бұрынғы бизнестегі серіктесі «Terminalex» ЖШС арасындағы атышулы сот ісі бойынша жаңа қаулы шығарды. Биыл 15 шілдеде Жоғарғы Соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы мұнай сатушыдан бұрынғы серіктесіне жүкті артық сақтағаны үшін қаржы төлеу туралы Маңғыстау судьяларының шешімдерін жойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жоғарғы Соттың қаулысымен Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 10 желтоқсандағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 11 ақпандағы қаулысының күші жойылды. Екі жарым жылға созылған резонансты іс бойынша Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына істі қайта қарауы керек. Істі судьялардың басқа ұрамы қарайды.  

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ

Біз бұдан бұрын «БатысНефтеТрэйд» пен «Terminalex» арасындағы серіктестіктің 2017 жылы басталғанын жазған болатынбыз. Тараптар жүктерді ауыстырып тиеу бойынша кешенді қызметтерді көрсету туралы өзара келісім жасасқан. Оған сәйкес «БатысНефтеТрейд» мұнай өнімдерінің белгілі бір көлемін жеткізуі керек, ал «Терминалекс» артынан межелі жерге оны апару үшін танкерлерге жүкті тиеп, сақтауы керек болған. Маңғыстау облысының экономикалық тергеу қызметі аталған компанияларға қатысты 2018 жылдың маусымында қылмыстық іс қозғағанға дейін тараптар бірге жұмыс істеген. Тергеу жүріп жатқанда «Terminalex» серіктестігі резервуарларды жауып тастады. Осыны сылтау етіп, аталған компания «БатысНефтеТрэйд»-тен жүкті қабылдауды тоқтатады. Бірақ іс жүзінде мұнай трейдерлерінде жүктердің қозғалысына тыйым салынбаған. Осы кезде, яғни 2018 жылдың 7-сі және 11-ші маусымында «БатысНефтеТрейд» ЖШС серіктесі «Terminalex» ЖШС-і резервуарларына мұнай құю мақсатында бу қаптамасы бар 26 цистернаны жібереді.  Бірақ «Terminalex» жүкті қабылдаудан бас тартады және серіктесіне тергеу ресми түрде аяқталғанға дейін барлық қызметтер мен жұмыстарды тоқтататынын хабарлаған.

Алты айдан кейін серіктестер арасындағы іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылады. Осыдан соң «БатысНефтеТрэйд» ЖШС «Terminalex» резервуарларында сақталған 13,7 мың тонна мұнай мен мұнай өнімдерін өзіне қайтаруды сұрайды.  Алайда, жауап ретінде «Terminalex» өз серіктесінен қызмет көрсетудің минималды көлемін қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін 330 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуді, кейіннен жүкті артық сақтағаны үшін қызмет құнын қосымша төлеуді талап етеді. Бірақ бұған келіспеген «БатысНефтеТрэйд» өз жүктерін қайтару үшін 2019 жылдың көктемінде Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шағымдануға мәжбүр болады. Тараптардың барлық дәлелдерін зерделей отырып, Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Terminalex» компаниясына «БатысНефтеТрейд» ЖШС-на 13,7 мың тонна мұнай мен мұнай өнімдерін қайтаруды міндеттейді.

Сонымен қатар, сот «Terminalex» кәсіпорнының қарсы талап арызын, яғни айыппұл өндіріп алу туралы өтінішін қанағаттандырусыз қалдырған. Сот өз шешімінде екі жақтың нақты ынтымақтастығының тоқтатылуына «Terminalexтің» «БатысНефтеТрейд» компаниясынан жүкті ауыстырып тиеу үшін қабылдаудан бас тартуы және оған келісімшарт бойынша барлық қызмет түрлері мен жұмыстарды көрсетуден бас тартуының себеп болғанына сүйенген. Сот «БатысНефтеТрейдтің» кінәсін көрсететін дәлелдемелер жоқ деген қорытындыға келді. Демек, Terminalex-тің айыппұл төлеуді талап етуге негіз жоқ екені белгілі болады.

«Қыркүйек айында Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы да Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 8 мамырдағы шешімін өзгеріссіз қалдырды. Алайда, заңды күшіне енген сот шешіміне қарамастан, Terminalex дауға себепші болған мұнай мен мұнай өнімдерін қайтаруға асықпады. Сонымен қоймай, бұл компания жүкті артық сақтау бойынша қызметтердің төленбеуіне  байланысты 1,1 млрд теңге көлемінде пайда болған қарызды өндіріп алу деген негіздемемен «БатысНефтеТрейдке» қарсы сотқа жаңа талап арыз берді», - дейді «БатысНефтеТрейд» ЖШС өкілі Әбдіманап Исабаев.

«ЗАҢДЫ БЕЛДЕН БАСУ ОСЫ ЖЕРДЕН БАСТАЛДЫ...»

Заңгердің айтуынша, осыдан кейін «заңды белден басқан» нағыз бассыздыққа жол берліген. Маңғыстау облыстық сотының шешімі заңды күшіне енгеніне қарамастан, сотта төрағалық етуші Гаухар Метерқұлова мен өзге де тұлғалардан құралған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Terminalex» талаптарын ішінара қанағаттандырып, «БатысНефтеТрейд» компаниясына бұрынғы серіктесіне жүкті артық сақтағаны үшін деп, 900 миллион теңге төлеуді міндеттейді. Апелляциялық инстанция да заң нормларының бұзылғанына қармастан, бұл шешімді күшінде қалдырды. Сөйтіп «Терминалекс» ЖШС сот ісін жүргізу аясында «БатысНефтеТрейд» ЖШС-нен оның мүлкінің есебінен қарызын өндіріп алу үшін шағымдануын тоқтатпаған.

«Осыдан кейін «Terminalex» мүддесі үшін әрекет еткен жеке сот орындаушысы Серік Ахановтың тапсырмасымен «БатысНефтеТрейд» ЖШС-не тиесілі 13,7 мың тонна мұнай мен мұнай өнімдерінің құнын бағалау тағайындалды. Ақырында олар бұл мүліктің барлығын небәрі 621 миллион теңгеге бағалады. Алайда, дауға түрткі болған жүктің нарықтық құны әлдеқайда жоғары болатын. Біздің қолымызда ең төменгі бағалау құны 1,3 миллиард теңге, яғни тауар құны екі есе жоғары болып еді. Десе де, біз кейін 621 миллион теңге деп көрсетілген мүлікті қайта бағалатып, «Terminalex» компаниясының өкілдері бағалаған есептеулерді жарамсыз деп табуға қол жеткіздік. Бірақ, осыған қарамастан, сот орындаушысы қайтадан бағалау тағайындамай қойды. Мүлікті шындыққа сәйкес келмейтін бағамен өндіріп алуға тырысты», - дейді Әбдіманап Исабаев.

Заңгердің айтуынша, осы текетірес кезінде жоғарыда аты аталған сот орындаушысына Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гаухар Метерқұлова қолдау танытумен болған, дейді заңгер. Серік Ахановтың өтініші бойынша ол тауардың нақтыланбаған құнын ішінара өтеу бойынша «БатысНефтеТрэйд» компаниясының барлық мүлкін өндіріп алу туралы сот шешімінің орындалуы мен тәртібін өзгерту ұйғарым шығарады. Судья да мүлікті өндіріп алу әдісін көрсетуде назардан тыс қалдырған.

Мұндай шешім сот орындаушысына барлық жүкті тек «Terminalex» компаниясына беруге септігін тигізді. Бірақ, көп ұзамай Ақтау қаласының №2 соты бұл трансфертті заңсыз деп танып, сот орындаушысының қаулысын жойды. Осыған қармастан судья Гаухар Метерқұлова іске қайтадан араласып, тағы бір жаңа шешім шығарады. Онда сот қазысы бұған дейін, яғни 19 мамырдағы қаулыда қателік кеткенін мойындауға мәжбүр болды. Жаңа қаулы бойынша «БатысНефтеТрэйд» мұнай және мұнай өнімдері түріндегі мүлікті тек «Terminalex» компаниясына беруге тиіс болды. Ал осы уақытта өзге талап арыз беріп, тауарды өндіріп алуға үміттенген компаниялар ескерусіз қалды. 

«Осы сот қаулысының негізінде «Terminalex» ЖШС «БатысНефтеТрэйд» компаниясының иелігіндегі мүлікті заңсыз жолмен иемденіп, оны үшінші бір тұлғаға, нақтырақ айтқанда үлестес – «Oil Stream» ЖШС-не сатып жіберген. Бүгінде аталған мүлік әр жерде тұр: бір бөлігі Terminalex мұнай базасының аумағында, екінші бөлігі Бейнеу темір жол станциясының аумағында және қалғаны Жамбыл облысында сақтауы. Біз енді бұл мұнай және мұнай өнімдерінің бастапқы иесіне қайтуына күш саламыз», - дейді компания өкілі Әбдіманап Исабаев.

«Жоғарғы Сот бұл іске қатысты барлық мән-жайды зерделеп, тиісті шешімін шығарды. Мұнда судья Метерқұлованың қаулысы, апелляциялық сатыдағы соттардың ұйғарымымен тауарды алып қойған еді. Біз өз кезегімізде мұны бөтеннің мүлкін заңсыз жолмен иемденіп алу деп атап келдік. Мұндай шешімдерді сот актлері арқылы судьялар шығарып отырды. Ал, Гаухар Метерқұлова біздің компанияның мойнына 900 млн теңге қарыз жүктеді. Осының негізінде, сот шеңберінде, заңды бұза отырып, мүліктерді өз аттарына ала бастады. Мұнда сот орындары бір-біріне қарама қайшы шешімдер қабылдағаны анық. Жоғарғы сот та осындай барлық мән-жайды жіті қарап, заңсыз шешімдердің күшін жойып отыр», - дейді заңгер.

«АЛДА ТАҒЫ ДА СОТ КҮТІП ТҰР...»

Айта кету керек, Жоғарғы Сот өз қаулысында іс жүргізу барысында анықталған заң бұзушылықтарды сипаттады. Мысалы Маңғыстау облысының соттары алғашқы және апелляциялық сатыдағы соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда біркелкілік талаптарын бұзған. Соттар шешім қабылдауда даудың барлық мән-жайын толыққанды зерттемей және мерзімінен бұрын шешім қабылдауға асыққан, делінген құжатта. Міне осы мән-жай судья Гаухар Метерқұлова мен Маңғыстау облыстық сотының шешімдерін заңсыз деп тануға себеп болды.

«Енді «БатысНефтеТрейд» ЖШС осы күнге дейін таласқа түскен жүкті қайтарып алуға күш салады. Компания өкілдері Жоғарғы Соттың сот алқасы анықтаған заңбұзушылықтарды ескере отырып, Маңғыстау облысының сот орындары енді заңды және әділ шешім шығарады деп сенеді. «Терминалекс» ЖШС бізден жүк сақтағаны үшін қандайда бір қарыздарды талап етуге құқығы жоқ деп есептейміз. Ал аталған компания «БатысНефтеТрэйд» серіктестігіне өзі қызмет көрсетуден бас тартқанын ескерсек, осы күнге дейін көрсетілмеген қызметке қандайда бір ақы төлеудің қажет емес екенін айтқымыз келеді», - дейді Әбдіманап Исабаев.

Заңгер тағы бір қызықты мәселеге назар аударады. Ол бұл дауға Ақтау қалалық прокуратура өкілдерінің араласуы. Белгілі болғандай, бұрынғы серіктестер арасындағы текетірес кезінде жеке сот орындаушысы Серік Аханов қадағалаушы органға шағымданып, «БатысНефтеТрэйд» ЖШС директоры Берік Боранбаевты жауапқа тартуды сұраған. Ол арызында компания басшысын сот шешімін уақытында орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрапты.

Ақтау қалалық полиция басқармасы арыз негізінде Берік Боранбаевтың үстінен іс қозғап, тергеу жүргізген. Сосын бұл іс Маңғыстау облыстық полиция департаментіне берілген. Жарты жылдан соң «БатысНефтеТрейд» ЖШС заңгерлері бұл қылмыстық істің заңсыз қозғалғанын дәлелдеп, істі тоқтатқан.

«Заңгерлер бұл жағдайда ҚР Бас прокурорының бұйрығымен бекітілген өтініштерді қабылдау және тіркеу ережелерінің бұзылғанын анықтапты. Осы ережелердің 12-тармағының 3-тармақшасына сәйкес азаматтық тәртіпте қаралып жатқан істер сотқа дейін тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеуге жатпайды. Сондықтан жергілікті прокуратура екі заңды тұлға арасындағы коммерциялық дауға не үшін араласқаны түсініксіз?! Десе де бұл бұл шырғалаң Маңғыстау облысының соттарының, құқық қорғау органдарының және прокуратураның қолымен жасалған рейдерлік жолмен мүлікті басып алу әрекеті екенін көрсетеді», - дейді Әбдіманап Исабаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары