Сапарға шыққан адам алдынан не күтіп тұрғанын білмейді. Десе де, іштей қандай жағдайға да дайын боп шығады. Діттеген межесіне жетпейінше жолаушының көңілі жай болмайтыны айтпаса да түсінікті. Сондай сәтте жол-көлік оқиғаларынан бөлек, сенімді темір тұлпардың істен шығып немесе ақауы пайда болып, әбігерге салып жататыны да бар. Дегенмен, көп жағдайда сол маңнан жол-патрульдік полициясы табыла кетіп, көмек қолын созғаннан асқан бақыт бар ма?!
Жолаушылардың алғысына бөленді
Қарағанды мен Көкшетау қаласының жүргізушілері жолда көмек көрсеткені үшін СҚО полициясына алғыс айтты. Жақында ғана Инстаграмдағы жарияланымдардың бірінде Қарағанды тұрғындарына көмектескен полицейлерге ризашылық білдіретін пост пайда болды:
«Көлік Көкшетау қаласынан 150 шақырым жерде бұзылды. Өзіміз Қарағандыдан боламыз. Полиция қызметкерлеріне дер кезінде көрсеткен көмегі үшін алғыс айтқым келеді! Олар көлік қозғалып, жүріп кеткенге дейін бізге жарты күн бойы көмектесті. Бізді қиын жағдайда қалдырмағаныңыз үшін көп рақмет ».
Кейін белгілі болғандай, Қостанай облысынан үйіне қайтып келе жатқан Қарағанды қаласының үш тұрғыны бар мерседес көлігі Рузаевка мен Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов атындағы Тоқсан би ауылдарының арасында бұзылып қалған.
Жолаушылар көліктегі ақауды өз бетімен жөндеуге тырысқанымен, бірақ ол еш нәтиже бермейді. Сол сәтте Екатеринбург-Алматы автожолының жүрген Солтүстік Қазақстан облысы патрульдік полиция батальонының инспекторлары Рүстем Советов пен Дидар Дюселековтен тұратын экипаж мүшелері мерседесті Рузаевкадағы қызмет көрсету станциясына дейін сүйреп апарады.
Полиция қажетті қосалқы бөлшектердің жеткізілуін қадағалап, автокөлікті жөндеу аяқталғанша қарағандылықтармен байланыста болды. Тұрғындар өз үйлеріне аман -есен оралып, ал инспекторлар өз аудандарында патрульдеуді жалғастырады.
Қол көмектерін аяған жоқ
Дәл осындай оқиға 6 тамыз күні кешке Солтүстік Қазақстан облысының арғы шетінде - Ақжар өңірінде болды. Көкшетау қаласының тұрғыны Ержан Олжабаев Ақмола облысынан Кішкенекөл ауылына көлікпен келе жатқан. Облыс орталығы Талшыққа жетпес бұрын оның ВАЗ-2114 автокөлігіндегі газ бөлгіш механизмнің белбеуі істен шығады.
Қуанышқа орай, вахтаны тапсыруға дайындалып жатқан Солтүстік Қазақстан облысы бойынша BPP қызметінің инспекторлары Азамат Айтымов пен Абылай Нұржановтан тұратын автопатруль сол маңнан өтіп бара жатады. Полиция бұзылған автокөлікті арқанмен алып, 30 шақырымға - Кішкенекөл ауылына, дәл Ержан Олжабаевтың туыстарының ауласына қарай сүйреп апарады.
Ер адам Солтүстік Қазақстан облысының полициясының инстаграм аккаунтына көлікті сүйреу сәті түсірілген бейнежазбаны жіберу арқылы патрульдіктерге ризашылығын білдірді. Полиция жұмысы, жол бойындағы көмек патрульдік қызметтің басым бағыттарының бірі болып табылады. Көбінесе аяз мен қарлы боранда жүргізушілерге көмек ауадай қажет.
Күн сайын 15 патрульдік полиция экипажы Солтүстік Қазақстан облысының қала маңындағы жолдарында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет ететінін еске сала кеткен жөн.