Шараның мақсаты – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында ашаршылық пен тоталитарлық саясат жылдарында жазықсыз жапа шеккен тұлғалар рухына тағзым ету. Кездесуде Алаштың ардақты азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың өмірбаяны мен қызметі жайында келген қонақтарға толық мағлұмат беріліп, фильм көрсетілді. Ұлы даланың ұлы тұлғасы, қазақтың ұлтжанды азаматы, өз заманының көшбасшысы болған Тұрар Рысқұлов туралы тың деректер айтылды.
Тарихшылардың дерегінше, Т.Рысқұлов – қазақ жерінде Мұсылмандар бюросын құрып, Түркістан атқару комитетінде «Ашаршылықпен күрес комиссиясын» басқарды. Сол мәселені шешу мақсатында Түрксіб теміржолын салуды Мұхаметжан Тынышбаевпен бірге іске асырған да Алаштың ардақтысы еді. «Тіпті 1920 жылы Куйбышевпен Шымкент жеріне келіп, большевиктер ұйымын құруға ұйытқы болған да жалынды коммунист Тұрар Рысқұлов болғаны көрші елдерде архивтердегі мағлұматтарда бар», - дейді ғалымдар. Өзбекстандық киностудия түсірген фильмдерде де Рысқұловтың рөлі мен саяси тұлға ретіндегі образы анық келтірілгені де сөз болды. Моңғолияның астанасын бекітуге де қазақтың ардақты ұлы септігін тигізген. Шараға ОҚМПУ-нің студенттері, «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жетілдіру орталығының тыңдаушылары да қатысып, өз ойларын ортаға салды.
«SN.kz»-ақпарат.