Forbes мәліметінше, кәсіпкердің дәулеті 154,7 млрд долларға дейін төмендеп, әлемдегі ең бай адамдар рейтингінде сегізінші орыннан оныншы орынға түскен.
Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуангтың жеке байлығы тыңшылыққа қатысты күдікпен басталған ішкі тергеуден кейін 7,4 млрд долларға азайды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Forbes мәліметінше, кәсіпкердің дәулеті 154,7 млрд долларға дейін төмендеп, әлемдегі ең бай адамдар рейтингінде сегізінші орыннан оныншы орынға түскен.
Байлықтың күрт азаюы 9 қарашада биржалық сауданың алғашқы жарты сағатында тіркелді. Тергеу туралы ақпарат тараған соң Nvidia акциялары арзандап, компанияның нарықтық капитализациясы да төмендеді. Егер бұған дейін компанияның құны 4,5 трлн доллар болса, кейін бұл көрсеткіш 4,29 трлн долларға дейін түскен. Нәтижесінде Nvidia жарты сағат ішінде шамамен 210 млрд доллар жоғалтты.
Жанжалдың ортасында Дженсен Хуангтың Элис Хуанг есімді кәсіпкер әйелмен некеден тыс қарым-қатынасы туралы ақпарат тұр. «Курсив» басылымының 9 қарашадағы мәліметінше, Nvidia басшысы қызметкерлеріне жолдаған хатында мұндай байланысты мойындап, отбасынан кешірім сұраған. Элис Хуанг Сингапурдегі Nvidia чиптерін сатып алатын Megaspeed компаниясымен байланысты. Алайда аты-жөндері бірдей болғанымен, олардың туыстық байланысы жоқ.
АҚШ арнайы қызметтері кәсіпкер әйел Қытайдың мүддесі үшін ақпарат жинауы мүмкін деген күдікке ілінгенін хабарлады. Осыдан кейін Nvidia директорлар кеңесі 8 қарашада тәуелсіз директорлар мен сырттан тартылған заңгерлердің қатысуымен ішкі тергеу басталғанын жариялады. Дженсен Хуанг та тексеруге толық қолдау білдіріп, тергеу жұмыстарына көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.
Дегенмен компанияның директорлар кеңесі әзірге Nvidia-ның құпия ақпараты немесе АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне зиян келгенін растайтын дерек жоқ екенін атап өтті. Сондықтан тергеудің басталуы қандай да бір ақпараттың сыртқа берілгені дәлелденді дегенді білдірмейді.