АҚШ-тың Нью-Джерси қаласында тұратын ғашықтар босануға бірнеше минут қалғанда үйленді. Бұл туралы Stan.kz Inside Edition порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Майкл Галлардо мен Мари Маргаритондо жаңа үйлеріне көшіп келгеннен кейін қораптарды ашып, заттарды орналастыра бастаған. Ер адам өз шаруаларымен шығып кеткен кезде, Маргаритондо оған хабарласып, толғағы келгенін айтыпты. Артынша ол ауруханаға жеткізілді. Алайда олар некелеспегендіктен, Галлардо сүйіктісінің халі ауырлаған жағдайда шешім қабылдай алмайтын болып шығады.
Сол кезде ер адам отаның алдында некелесуді ұйғарады. Аурухана қызметкерлері оларға неке рәсімін өткізуге көмектесіп, мейірбикелер гүл сатып алып, дін қызметкерін шақырған. Галлардо мен Маргаритондоның ата-анасы да жедел түрде ауруханаға жетіпті.
«Сондай керемет болды. Біздің ата-анамыз келді. Тіпті, ұялы телефоннан муызка қостық», - дейді Галлардо.
Жас жұбайлар сүйіскеннен кейін, Мари ота залына жеткізілген. Ол жасы 40-тан асқанына қарамастан дені сау баланы өмірге алып келді. Ерлі-зайыпты бүгінде өздерінің бақытты екенін айтты.