Швейцария үкіметі Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримованың ісіне қатысты бұғатталған 555 миллион долларды Өзбекстанға қайтару процедурасын тоқтатты. Бұл ақпаратты 4 шілдеде Каримованың швейцариялық адвокаты Грегори Манжа Twitter-дегі парақшасында хабарлады.
«Швейцарияның қылмыстық сотындағы үшінші үлкен жеңісіміз. 555 миллион долларды қайтару процесі тоқтады. Бұл ел клиентімізді еркінен тыс қамауын тоқтатпайынша Өзбекстан билігімен еш байланыс болмайды. Оған қысым күшейіп келеді. Каримованың өміріне қауіп төніп тұр» деп жазады адвокат.
Мұның алдында Гүлнара Каримованың қызы Иман Каримова Instagram парақшасында анасының қамаудағы жағдайы нашар болғандықтан әрі оған тиісті медициналық көмек көрсетілмегендіктен Швейцария анасының бұғатталған миллиондарын Өзбекстанға қайтаруды тоқтатқанын хабарлаған.
24 маусымда Швейцария бас прокуратурасы Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримованың ісі бойынша жүргізілген тергеу аясында бұғатталған 133 миллион долларды Өзбекстанға қайтаратынын мәлімдеген.
Швейцарияның федералды прокуратурасының 2012 жылы қозғаған қылмыстық іс аясында Гүлнара Каримованың шотындағы 800 миллион швейцариялық франк (шамамен 784 миллион доллар) қаржысы бұғатталған.
Алғашында бұл соманы Ислам Кармов тұсындағы үкімет, кейін билікке жаңа президент келгеннен кейінгі жаңа үкімет те Өзбекстанға қайтаруға тырысқан.
Гүлнара Каримова өткен айда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтан өзіне кешірім беруді сұраған. Ол денсаулығы нашарлағанын айтып, шетелдік шоттардағы 686 миллион доллар қаржысын мемлекетке өткізуге уәде еткен. Өзін түрмеден босатып, Лондонда тұрып жатқан балаларына кетуіне рұқсат беруін сұраған.
Қазір Каримова Ташкент облысының Зангиат ауданындағы № 21 колонияда жазасын өтеп жатыр. Бұл жаққа 2019 жылы наурызда үйқамақтан ауыстырылған.
Бұған дейін Каримованың қызы мен адвокаты оның денсаулығы нашарлағанын хабарлаған.
2015 жылы Швеция, Швейцария мен АҚШ Каримованың үстінен қылмыстық іс қозғап, президенттің қызын миллиард долларға жуық қаржыны иеленді деп айыптаған.
2017 жылы желтоқсанда Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айырған. 2018 жылы шілде айында сот Каримованың жазасын жеңілдетіп, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Сот үкіміне сәйкес, Гүлнара Каримова қызы Иманның үйінде үйқамақта отыруы тиіс болған, оның үйден шығуына және интернет пен байланыс құралдарын пайдалануына тыйым салған.
2019 жылы наурыз айының басында Өзбекстан бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың сот шешімімен үйқамақтан түрмеге ауыстырылғанын хабарлаған. Биліктің мәлімдеуінше, үйқамақта отырған Гүлнара Каримова "жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзған": бірнеше рет байланыс құралдарын пайдаланып, қызының үйінен рұқсатсыз шығып кеткен.
Дереккөз: Азаттық