Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинді жаңа форматта кездесу өткізуге шақырды, деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.
Жиынға Батыс елдерінің басшылары да қатысуы керек деп отыр. Бұл туралы Зеленский өзінің ресми сайтында жариялаған бейне-үндеуінде айтты.
Айта кетейік, бұған дейін «Россия 24» және украиндық NewsOne телеарналары бірігіп ел тұрғындары арасында диалог ұйымдастыру мақсатында телекөпір өткізілетінін хабарлаған болатын. Бастама саяси тұрғыдағы сыни пікірлерге байланысты өтпейтін болды.
«Сөйлесу керек болса, сөйлесейік. Қырымның кімге тиесілі екенін, Донбасста кімдердің жоқтығын талқылайық. Кездесуге мен, сіз, Владимир Путин, АҚШ президенті Дональд Трамп, Ұлыбритания премьері Тереза Мэй, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануэль Макрондар келсе деген ұсыныс бар. Өтетін орны? Меніңше, Александр Григорьевич Лукашенко Минскіде бізді қуана қарсы алады», - деді Владимир Зеленский.
Бұл шақыртуға Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков пікірін білдірді. Ұсынысты Мәскеудің қарастырып жатқанын айтты. Ал Беларусь президенті Александр Лукашенко Зеленскийдің бастамасын қолдайтынын жеткізді.