16.07.2019, 22:21

Ормуз бұғазынан өтіп бара жатқан Біріккен Араб Әмірліктерінің мұнай кемесі жоғалып кетті

Фото: Азаттық
Танкер Араб Әмірліктерінің батыс жағалауынан шығысына қарай Ормуз бұғазы арқылы қатынап жүрген.

Ормуз бұғазынан өтіп бара жатқан Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) мұнай танкері екі күн бұрын өзінің координаттары туралы ақпарат жіберуді тоқтатты. Соңғы дерек бойынша, кеме Иранға қарай өтіп кеткен. Бұл туралы Associated Press хабарлады.

Танкер Араб Әмірліктерінің батыс жағалауынан шығысына қарай Ормуз бұғазы арқылы қатынап жүрген. Агенттік сілтеме жасаған дереккөздің сөзінше, соңғы үш айда бұл кеме өзінің қайда жүргені туралы хабар беретін құрылғыны өшірген емес.

Тегеран мен Абу-Даби оқиғаға қатысты әзірге комментарий берген жоқ. Таяу Шығыс суларын бақылайтын АҚШ теңіз күштері пікір беруден бас тартты.

11 мамырда Араб Әмірліктеріне тиесілі суларда жүзген кем дегенде төрт кемеге шабуыл жасалған. Адам не мұнай шығыны туралы ақпарат жоқ. Оқиғалардың жай-жапсары да ашық айтылмайды.

4 шілдеде Ұлыбританияның теңіз барлауы Гибралтарда халықаралық санкция барына қарамастан Сирияға бара жатқан ирандық Grace-1 кемесін ұстаған. Тегеран жауап ретінде шара қабылдауға уәде еткен.

9 шілдеде Иран кемелері британ мұнай кемелерін басып алмақ болған. Тегеран Ұлыбританияның бұл мәлімдемесін жоққа шығарды.

Мамыр-маусым айларында АҚШ «Оман мен Парсы шығанағындағы кемелерге шабуыл жасады» деп Тегеранды айыптаған. Иран бұл айыптарды жоққа шығарады.

Дереккөз: Азаттық

Тегтер: БАӘ