Бүгін, 27 шілдеде Мәскеу қаласы орталығында тәуелсіз кандидаттарды қалалық дума сайлауына жібермеуіне байланысты қарсылық акциясы өтті. Полиция мен Росгвардия сарбаздары "рұқсат етілмеген акция" орнында ары-бері өткен тұрғындарды ұстаған, деп жазады Азаттық.
Полиция қызметкерлері Тверь көшесі бойындағы тротуарлардың бір бөлігін жауып, маңын қоршаған.
Ақпарат құралдарының жазуынша, полицейлер журналистерден басқасының бәрін ұстау туралы бұйрық алған. "ОВД-Инфо" дерегі бойынша, ұсталғандардың саны түстен кейін 200-ден асқан.
Бүгін сайлауға қатысуға тіркеле алмаған бірнеше тәуелсіз кандидаттың да ұсталғаны белгілі болды. Олардың арасында Жемқорлықпен күрес қорының директоры Иван Жданов, оппозициялық саясаткер Дмитрий Гудков, үміткер Юлия Галямина да бар. Илья Яшин бұған дейін ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Акциядан бұрын бірқатар оппозициялық саясаткерлер үйінде тінтуболған. Шараны ұйымдастырушылар Мәскеу тұрғындарының жергілікті мәслихатқа үміткерлермен кездеспек болғанын, полицияның бұған кедергі жасағанын айтып отыр.
Бұған дейін ондаған оппозициялық және тәуелсіз кандидаттар саяси себеппен өздерін Мәскеу қалалық дума сайлауына жібермей отырғанына шағымданған еді. Олардың басым бөлігінің айтуынша, сайлау комиссиясы оларды қолдайтын азаматтардың қолын тіркеуден бас тартқан.